25.11.2024, 13:20

«Мұнай үстінде отырған ел үшін бұл нонсенс»: Еділ Жаңбыршин бензин тапшылығын сынады

Фото: parlam.kz

Бұл импорт есебінен жабылады. 

Жеті жыл ішінде елімізге 6 млн тоннадан астам мұнай өнімдері импортталды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

«Мұнай өңдеу қуатын ұлғайту және мұнай өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында үш мұнай өңдеу зауытын жөндеуге және жаңғыртуға 2 трлн теңге жұмсалды. Бұл ретте мұнай мен газ конденсатын өңдеудің жыл сайынғы көлемі 18 млн тоннадан аспайды. Еліміздегі ішкі нарыққа қажетті мұнай өнімдерін жеткізуді тек отандық мұнай өндіру компаниялары қамтамасыз етіп отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, олардың мұнай өндіру көлемі азайып жатыр. Сонымен қатар, бізде жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады, ол импорт есебінен жабылады. Мұнайдың үстінде отырған мемлекет үшін бұл нонсенс», - деді Еділ Жаңбыршин.

Сөзінше, іс жүзінде Қазақстан бензин, авиациялық отын, дизель отыны бойынша импорттық отынға тәуелді. 

«7 жыл ішінде елімізге 6 млн тоннадан астам мұнай өнімдері импортталды. Яғни, еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің дефицитін негізінен Ресей мемлекетінен импорттап отырмыз. Бұл мәселені шешетін уақыт келді. Осы ретте жаңа ғана министрдің баяндамасында алдағы 8 жылда мұнай өндіруді 56 пайызға көтеріп, 28 млн тоннаға жеткізу жоспары бар екенін естідік. Бірақ, бұл жоспардың уақытында орындалатынына күмәніміз бар», - деді Мәжіліс депутаты.