Жас қыздың айқайлап өзін ұстай алмай тұрған видеосы келді. Алматыдағы орталық мешітке алып барса, “айқайлатпай алып кет” деп қуып жіберіпті.
Заңгер Айгүл Орынбек ішіне жын кірген қыздың өмірін сақтап қалған. Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заңгердің жазуынша, ішіне жын кіріп, өзіне қол салмақ болған қызды жақындары Алматыдағы орталық мешіттің имамдарына алып барса, олар көмек сұрап келген бойжеткенді қуып жіберген.
“Орамалды қыздың өмірін сақтап қалдық. Елдің алдында жүрген соң, көмек сұрап шығатындар өте көп. Қаншама адамның мына өмірдің жарығын ұзағырақ көруіне себепкер болдым. Бұл мақтану емес, бірақ осылай адам тағдырын аман алып қалғың келіп, күресіп жүргенде қандай қиындықтарға тап болып жататынымды халықпен бөліскім келіп отыр. Негізі мен жасаған жақсылығымды әлеуметтік желіге жазбаймын және басқаларға да жазуға тиым саламын. Бірақ мына оқиғаны жазуым керек!
Ақтауда сот отырысы кезінде, ватсапқа хабарлама келе бастады. Жас қыздың айқайлап өзін ұстай алмай тұрған видеосы келді. Алматыдағы орталық мешітке алып барса, “айқайлатпай алып кет” деп қуып жіберіпті. Хабарламаны оқыған соң бірден Шымкенттегі теолог ағайларыма шықтым. Алматыдан діни басқарма қызметкерінің нөмірін беріңізші шұғыл көмек керек дедім.
Ағайларым бірден Шыңғыс деген қызметкердің нөмірін жіберді. Бірінші мәдениетті түрде ватсабына хабарлама жазып, көмек керек, қоңырау шалып түсіндірсем бола ма деп сұрадым. Қоңырау шалып, бір жас қызға шұғыл иманның көмегі керек екенін, ұялы телефон нөмірін беруді айта бергенім сол Шыңғыс мырзамыз орыс тілінде сөйлеп өзімді тергей бастады. Қайдан ғана бұл кісіге қоңырау шалдым екен, нөмірімді кімнен алдың, не үшін звондап тұрсыз, біз бұндаймен айналыспаймыз деп, одан көмекшісі звондап, жазып КНБ сияқты тергей бастады.
Жәй ғана оқитын имамның нөмірін алу кәдімгі үлкен мәселеге ушығып кетті. Қайтадан өзімнің Шымкенттегі теолог ағайларыма звондадым. Ол кісілер бір Тастақтағы имамның нөмірін берді. Қызды имамға апарған соң, ол имам басқа жын шығаратын имамға жіберді”, — дейді ол.
Айгүл Орынбек қазір қыздың жағдайы тұрақталып, беті бері қарағанын айтты.
“Ішіндегі бес әріп, қызды өз-өзіне қол салдырмақшы екен. Қызды бір жеті оқып аман алып қалдық. Бұл оқиғаны не үшін жазып отырмын. Қоғамда ешкім ешкімге міндетті емес, бірақ қызметтегі адамдар алдына көмек сұрап келген адамға қызмет көрсетуге міндетті екенін айтқым келеді. Әр адам өз қызметін адал атқарса, қаншама адамның өмірін сақтап қалуға болады. Тіпті орталық мешіттегі имам қызға көмек бермей қуып жібергені тіпті жүректі ауыртты. Бүгін қыздың жағдайы жақсы, беті бері қарады, тамақ ішіп, ұйықысы тыныш деп хабарласты. Кәдімгідей қыздың өмірі үшін уайымдап күрескендер бәріміз қуанып мәз болып жатырмыз. Қызды құтқарып қалуға көмек берген барша азаматтар фейсбукта отырады. Сіздерге алғысымды білдіремін”, — деп жазды заңгер.