27.11.2024, 20:24

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей екіжақты серіктестіктің оң қарқынын сақтап қана қоймай, оны еселей түскен.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қазақстанға сапармен келуге шақыруын қабыл алғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты.

Фото: Ақорда

– Бұл стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа берік негізделген мемлекетаралық қарым-қатынасымыздағы өте маңызды оқиға екені сөзсіз. Сіздің қазақстандық ақпарат құралдарында жарияланған бүгінгі мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Ал менің мақалам Ресей баспасөзінде жарияланды. Біз болашаққа бағытталған екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі көшелі ойларымызды жан-жақты жеткіздік. Өз мақаламда Қазақстан осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін және алдағы уақытта да бұл бағыттан айнымайтынын атап өттім, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей екіжақты серіктестіктің оң қарқынын сақтап қана қоймай, оны еселей түскен.

– Сіздің бүгінгі сапарыңыздың күн тәртібі өте ауқымды. Сапар қарсаңында Үкімет мүшелері кездесіп, біз талқылайтын барлық мәселені пысықтады. Бүгін өте маңызды құжаттарды қабылдаймыз. Бұл 20 келісімнен тұратын құжаттар біздің тату көршілік және серіктестік рухындағы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.

Ресей Президенті Владимир Путин қазақ жерінде көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Біз достас елдерміз. Қарқынды дамып келе жатқан іскерлік қарым-қатынасты да қолдаймыз. Ұдайы байланыстамыз. Өзіңізді жыл соңында Санкт-Петербургте өтетін ТМД аясындағы бейресми кездесуде күтемін. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға шақырамын. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз, – деді Владимир Путин.

 Ресей Президенті екіжақты байланыстардың қарқынын жоғары бағалап, мемлекеттік сапарының мәні мен маңызына тоқталды.

– Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданады. Олардың қатарында Бірлескен мәлімдеме және түрлі саладағы ықпалдастығымызға қатысты құжаттар бар. Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесінің бірі болып қала береді. Сауда айналымы өсті, былтыр оның көлемі 28,5 миллиард долларды құрады. Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция 13 миллиард долларға жетті. Әрине, біз азаматтық қоғам, білім, ғылым және мәдениет бағытында дамып келе жатқан гуманитарлық байланыстарымызды бағалаймыз. Бұл тұрғыда Ресейде білім алатын шетелдік студенттердің басым бөлігін қазақстандық жастар құрайтынын айтсақ жеткілікті. Аймақаралық ынтымақтастық та табысты өрбіп келеді. Бүгін Уфада кезекті іс-шара өтіп жатыр. Сізге Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын дамытуға ерекше назар аударғаныңыз үшін алғыс айтамын. Біз Қазақстан Президентінің осынау маңызды жұмыстарға әрдайым ықылас қойып отыратынын жақсы сезінеміз. Қазақстанды адал досымыз және жақын одақтасымыз деп танимыз, – деді Ресей Президенті.

Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, энергия ресурстарының тасымалы, машина жасау, көлік-логистика, қаржы, экология, су саясаты, білім беру, ғылым және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты дамыту перспективасын талқылады.

Кейінірек, мемлекет басшысы Ресей Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен келіссөз қорытындысына оң баға беріп, оның барысында екіжақты күн тәртібіне қатысты барлық өзекті мәселе талқыланғанын жеткізді.

– Өзара ынтымақтастық бойынша ортақ ұйғарымға келдік. Үкіметтерге тиісті тапсырмалар берілді. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Екі елдің қарым-қатынасы зор қарқынмен дамып келеді. Біздің міндетіміз – осы динамиканы бәсеңдетпей, елдеріміз арасындағы сауда-саттықтың табысты өркендеуіне, инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдеуіне, сондай-ақ білім мен гуманитарлық салалардағы байланыстардың нығаюына қолайлы жағдай жасау, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстарының қазіргі жай-күйіне назар аударды. Президенттің айтуынша, өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізуге мол мүмкіндік бар. Инвестиция саласында да оң үрдіс байқалады.

 

Фото: Ақорда

Сонымен қатар президенттердің қатысуымен екі ел делегацияларының мүшелері төмендегідей құжаттармен алмасты:

Фото: Ақорда

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2024-2028 жылдарға арналған өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасы;

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2024-2028 жылдарға арналған өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары;

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы теміржол көлігін және инфрақұрылымын, автомобиль жолдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара арқылы автомобиль және теміржол өткізу пункттерін дамыту саласындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру туралы келісім;

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы «Сырым» (Қазақстан Республикасы) және «Маштаково» (Ресей Федерациясы) өткізу пункттері арасындағы Таловая өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін және оған кірер жолдарды реконструкциялау, күрделі жөндеу, ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау тәртібі туралы келісім;

5. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Ресей Федерациясының Көлік министрлігі арасындағы теңіз кемелері экипажы мүшелерінің дипломдарын өзара тану туралы келісім;

6 Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

7. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы дүниежүзілік нөмірлеудің 7-ші аймағын нөмірлеуді пайдалану туралы келісім;

8. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

9. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Челябинск мемлекеттік университеті» федералды мемлекеттік бюджеттік жоғары білім беру мекемесінің Қостанай филиалының қызметі туралы келісім;

10. 2010 жылдың 9 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданысын ұзарту және оған өзгеріс енгізу туралы хаттама;

11. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

12. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Ресей Федерациясының Әділет министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

13. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Ресей Федерациясының Әділет министрлігі арасындағы коммерциялық емес ұйымдардың қызметін құқықтық реттеу саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандум;

14. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Ресей Федерациясының Әділет министрлігі арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;

15. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Ресей Федерациясының Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігі арасындағы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

16. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Российские железные дороги» ААҚ арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

17. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, Xi'an Free Trade Port Construction and Operation Co. Ltd және «Славтранс-Сервис» АҚ арасындағы жобаны іске асыру туралы келісім;

18. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «ФинИнвест» ЖШҚ арасындағы ниеттестік туралы меморандум;

19. «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Фирма ОРГРЭС» ААҚ арасындағы екінші Екібастұз ГРЭС-інің №3 және №4 энергия блоктарында тиімді технологияларды пайдалана отырып, ластаушы заттардың шығарындыларын азайту мәселесі бойынша ынтымақтастық туралы келісім.