01.12.2024, 00:30

Алматыда дәмхана күзетшілері қонақты аяусыз ұрып-соққан (ВИДЕО)

Фото: видеодан алынды

Бұл өтінішке күзетшілер агрессивті жауап қайтарып, төбелес шығарған. 

Алматының Алмалы ауданындағы дәмханалардың бірінде күзетшілер қонақты аяусыз ұрып-cоққан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқиға  барысы түсірілген видеосы әлеуметтік желілерде тарады.

Кейінірек, 40 жастағы ер адам ауыр жарақат салдарынан қаладағы ауруханалардың біріне жеткізілгені анықталды.  

Полиция ер адамды аяусыз соққыға жыққан екі күдіктіні ұстады.

«Бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында дәмхананың екі күзетшісінің кінәсі анықталды. Жәбірленуші достарымен бірге көңіл көтеріп, отырыс уақытын сәл ұзартуды сұраған. Бұл өтінішке күзетшілер агрессивті жауап қайтарып, төбелес шығарған. Тіпті, мекеме қызметкерлері көмекке келгісі келген адамдардың әрекетіне мән бермеген. Екі күдікті қамауға алынды», – дейді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.

Қазір тергеу жалғасып жатыр, ал жәбірленушінің жағдайы бақылауға алынған.