03.12.2024, 13:00

Шымкентте шенеуніктер 1,1 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған

Фото: © РИА Новости/ Виталий Белоусов

Сот үкімімен барлық жеті айыпталушы 2 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды

Шымкентте қылмыстық жолмен табылып, 358 миллион теңгеден астам ақшаға сатып алынған жылжымайтын мүлік тәркіленді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

ҚМА мәліметінше, өңірдің лауазымды тұлғаларына және «Қуатжылуорталық-3» МКК-ға қатысты сметалық құнын арттыру, сондай-ақ нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу арқылы қаладағы жылу желілері мен электр беру желілеріне жөндеу жүргізуге бөлінген 1,1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

«Күдіктілер ұрланған қаражатты жылыстату үшін «қолма-қол ақша жасаушылар» тобын тартқан. Олар 7% мөлшерінде ақшалай сыйақы үшін бөгде тұлғаларға ресімделген 24 күмәнді кәсіпорын арқылы тауарларды жеткізу және қызмет көрсету жөніндегі мәмілелер туралы жалған құжаттар (шот-фактуралар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыс актілері, шарттар) ұсынған.

Параллельді қаржылық тергеу аясында қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүліктер, атап айтқанда, Шымкент және Астана қалаларындағы 2 пәтер, 1 тұрақ орны, Шымкент қаласындағы 3 жеке үй және банк шоттарындағы тыйым салынған 50 миллион теңге анықталып, тәркілеу мақсатында сот санкциясымен тыйым салынды.

Сот үкімімен барлық жеті айыпталушы 2 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды», - делінген ҚМА хабарламасында.