04.12.2024, 21:30

Пшөннің өлімі: Атырау облысының полициясы қылмыстық іс қозғады

Видеодан кадр: tiktok.com/@pshon_2024

Бүгін мәжіліс депутаттары Айдарбек Қожаназаров пен Еділ Жаңбыршин де бұл мәселеге назар аударды.

Атырау облысында Пшөн атты иттің өліміне байланысты жануарларға қатыгездік көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан кейін Атырау облыстық полиция департаменті жануарларға қатыгездік көрсету бабы бойынша тергеу бастағанын мәлімдеді.

"Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесі үшін қосымша мәліметтер жарияланбайды", – делінген полиция хабарламасында.

Бір күн бұрын су тасқыны кезінде иесіне көмектесіп, қазақстандықтардың ықыласына бөленген Пшөн итінің өлгені белгілі болды. Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария бөлімі жағдайға түсініктеме берді. Олардың айтуынша, ветеринарлық бекет қызметкері итке дротик (есінен тандыруға арналған инесі бар құрал) атқан.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов иттің өліміне қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Әкімнің сөзінше, егер заң бұзушылықтар анықталса және ветеринар қызметкерінің әрекеті дәлелденсе, тиісті шаралар қолданылады. Бүгін мәжіліс депутаттары Айдарбек Қожаназаров пен Еділ Жаңбыршин де бұл мәселеге назар аударды. Хожаназаров ит өлтірген адамды жазалау керек деп санайды, ал Жаңбыршин журналистерге Атырауға барып, мән-жайды анықтауды ұсынды.