06.12.2024, 13:20

Енді автонесие алу рәсімі жеңілдетілуі мүмкін

Фото: renault-rostov.ru

Жеңілдетілген автонесие шарттары арқылы сатылатын көліктердің көлемін арттыру көзделген.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанда автонесие алу рәсімін жеңілдетуді жоспарлауда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Ашық НҚА" порталында Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банк және микроқаржы қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" қаулы жобасы жарияланды.

 Жоба бойынша, 2025 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін автокөлік сатып алу үшін берілетін несиелерге борыштық жүктеме коэффициентінің шекті деңгейін сақтау талабы жойылуы мүмкін.

Бұл жеңілдік мына жағдайларға қатысты болады:

жаңа автокөлікті кепілмен сатып алу; пайдаланылған автокөлікті 50 пайыздан астам бастапқы жарнамен кепіл арқылы сатып алу; 3 жылға дейін пайдаланылған автокөлікті 30-50 пайыз бастапқы жарнамен кепіл арқылы сатып алу.

Агенттіктің түсіндірме жазбасында бұл түзетулер отандық автокөлік өнеркәсібін дамыту және қолдау мақсатында енгізілмек.  Сонымен қатар жеңілдетілген автонесие шарттары арқылы сатылатын көліктердің көлемін арттыру көзделген.Кепілмен қамтамасыз етілген несиелер тәуекелі төмен деп бағаланып отыр, өйткені мерзімі өткен жағдайда берешек кепілдегі автокөлікті сату арқылы өтелуі мүмкін.