06.12.2024, 18:40

Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті арттыруға 14 млрд теңге бөлінбек

Фото: pechatniki.mos.ru

Алматыда 2025 жылы ғимараттарды сейсмикалық күшейтуге арналған қалалық бағдарлама әзірленеді. 

Алматы қаласының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті мәслихаттың кезектен тыс сессиясында бекітілді. Қабылданған бюджетте қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларға қаражат қарастырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық қауіпсіздігін арттыру ұзақ мерзімді және ауқымды қаржыны қажет ететін үдеріс болғандықтан, бұл мақсатқа шамамен 14 млрд теңге бөлу жоспарда тұр.

– Халықаралық тәжірибеге сәйкес, қалада нысандардың нақты сейсмотұрақтылығын анықтау үшін төлқұжаттау жүргізілуде. Осы жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы Жапония, АҚШ және Израиль үлгісінде ғимараттарды сейсмикалық күшейтуге арналған қалалық бағдарлама әзірленіп, енгізіледі, - делінген хабарламада.

Алматыда әлеуметтік және әкімшілік мемлекеттік ғимараттарды сейсмикалық күшейту жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. 2025 жылы Бостандық және Медеу аудандарындағы 3 мектепті сейсмикалық күшейту аяқталады. Сондай-ақ Түрксіб ауданындағы №50 мектеп-лицейде сейсмикалық нығайту жұмыстары басталады. Әуезов, Бостандық және Медеу аудандарындағы 7 балабақшада жұмыстар қолға алынады. 

Сонымен қатар көшкін қаупін бағалау және көшкін қаупі бар учаскелердің (Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы, Ақсай өзендерінің бассейні) төлқұжатын жасау үшін 168,8 млн теңге сомасына 3 жылдық жоба жүзеге асырылып жатыр. 

Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу орталығының мәліметінше, Алматы агломерациясын толық қамту және сейсмологиялық деректерді өңдеу жылдамдығын арттыру үшін қазіргі 51 сейсмостанцияға қосымша 70 станция орнату қажет. Бұл 2025-2026 жылдары жүзеге асырылып, жер сілкінісінің ерте ескерту жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Қала аумағы бірыңғай бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы жұмыс істейтін сейсмодатчиктермен қамтылады. Бұған қоса, Алматы инфрақұрылымын Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан сияқты көршілес мемлекеттердің жүйелерімен интеграциялауға дайындық жұмыстары жүргізілмек. 

– Қаланың қауіпсіздігін арттыру мақсатында симуляциялық оқу-әдістемелік орталықтың құрылысы да жоспарланған. Бұл жоба тұрғындарды төтенше жағдайда өзін-өзі құтқару және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларына үйретуге жол ашады. Орталық нұсқаушылары азаматтарға қауіп-қатер кезінде өзін-өзі қорғау және алғашқы көмек көрсету әдістерін үйретеді, - деп атап өтті мәслихаттан.