12.12.2024, 22:30

«Үшеуі де ұл бала»: Павлодарда үшем дүниеге келді

Фото: istock

Ата-анасы сәбилеріне Кәрім, Әмір, Тайыр деген есімдер берді.

Павлодардағы облыстық пеританалдық орталықта үшем дүниеге келді. Үшеуі де ұл бала. Ата-анасы сәбилеріне Кәрім, Әмір, Тайыр деген есімдер берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы облыстық перинаталдық орталықтан хабарлады.

— Анасы Зарина Мәмбетова бұған дейін бір құрсақ көтеріп, ер балаға жарық дүние сыйлаған. Енді отбасын бірден үш ер бала толықтырып отыр. Үшем аман-есен дүниеге келді. Алғашқы болып туған Кәрімнің салмағы — 2020 грамм, одан соң Әмір (2200 грамм), ең соңында Тайыр (1660 грамм) дүниеге келді. Анасы оларды жүктіліктің 34-ші аптасында босанғанын айтып өткен абзал. Қазір анасының жағдайы да қалыпты, — деп мәлімдеді перинаталдық орталықтан.

Нәрестелердің анасы мектепте ұстаз болып қызмет атқарса, әкесі мұнай-химия зауытында еңбек етеді. 

— Қазір біз Кәрім екеуіміз жаңа туған нәрестелердің патологиясы бөлімшесінде жатырмыз. Кәрім қажетті ем қабылдап жатыр, жақын арада ағаларының қатарына қосылады. Ал жолдасым үйде сәбилерін асыға күтіп отыр. Жолдасым екеуіміз сәбилерімізді бағып-қағу қиындығынан қорықпаймыз. Біздің өміріміздегі ең ғажайып кезеңнің бірі болғалы тұр. Сондықтан балалардың әкесі жұмысынан бала күтімі бойынша демалыс ресімдеуді жоспарлап отыр. Облыстық перинаталдық орталығының ұжымына аман-есен босандырып алғаны, үш ұлымды да дүниеге сау әкелгені үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Мұнда өз ісінің мамандары еңбек ететініне көзіміз жетті, — дейді үшемнің анасы.