Бағдарламаның негізгі бөлігі болашақ Халықаралық дуалды оқыту орталығының мәртебесін, оның жұмысының бағыттарын және Allur зауыты мен Эрфурт білім беру орталығы арасындағы әріптестік шарттарының жүзеге асырылуын талқылауға арналды.
2024 жылғы 9-10 желтоқсан күндері Қостанайдағы Allur автомобиль зауытына Эрфурт білім беру орталығының (EBZ) бас директоры Франк Белькнер бастаған делегация келіп кетті. Неміс мамандарының сапарының негізгі мақсаты – Қазақстанның дуалды оқыту жүйесімен, сондай-ақ аймақтағы білім беру және өндірістік мекемелердің жұмысымен танысу болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл сапар 2024 жылдың наурыз айында Германияның Эрфурт қаласында Allur автомобиль зауыты мен аталмыш орталық арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. Бұған дейін, 16 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен Германия лидерлерінің қатысуымен өткен бизнес-форумда Халықаралық дуалды оқыту орталығын құру жөнінде келісім жасалған болатын. Қостанайдағы бұл қадам аталған келісімнің заңды жалғасы саналады.
«Шетелдік әріптестермен кездесу білім беру мен өндірісті ұштастырудың маңыздылығын тағы бір дәлелдейді. Бұл білікті мамандар даярлау арқылы Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын нығайтуға ықпал етеді. Біздің кәсіпорын үшін басты басымдық – мамандардың құзыретін арттыру, олардың техникалық мәселелерге оңтайлы шешім табуға қабілетті болуын қамтамасыз ету», – деп атап өтті Allur зауытының операциялық директоры Виталий Христ.
Сапар бағдарламасы аясында делегация Қостанай автомобиль көлігі колледжіне де барды. Онда меймандар студенттердің қолданбалы дағдыларды меңгеретін оқу үдерісі, шеберханалар және зертханалармен танысты.
Бағдарламаның негізгі бөлігі болашақ Халықаралық дуалды оқыту орталығының мәртебесін, оның жұмысының бағыттарын және Allur зауыты мен Эрфурт білім беру орталығы арасындағы әріптестік шарттарының жүзеге асырылуын талқылауға арналды. Кездесу барысында дуалды білім беруді дамытудағы басты мәселелер сөз болды. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Адам капиталын дамыту департаментінің директоры Ляззат Шонаева дуалды оқыту жүйесін бизнес-қоғамдастықтың қолдауы қажеттігін атап өтіп, мұны Қазақстандағы жетекші автоөндіруші Allur компаниясының мысалында көрсетті. Компанияның негізгі ұстанымдарының бірі – адами ресурстарды дамыту.
Халықаралық дуалды оқыту орталығын құру бастамасын көтерген Allur University-дің жетекшісі Людмила Олкинян орталықтың мақсаттарын түсіндірді. Орталықтың ашылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Еңбекші мамандықтар жылы деп жариялау бастамасын іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі саналады.
«Орталық студенттерге халықаралық стандарттарға сай заманауи білім мен дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Бұл автомобиль өндірісі мен басқа да өнеркәсіп салаларында табысты мансапқа жол ашады. Алдағы уақытта Allur University мен шетелдік серіктестер бірлесіп инновациялық білім беру бағдарламаларын дамыту бағытында жұмысын жалғастырады. Мұның нәтижесі – дуалды білім беру жүйесі аясында жоғары сұранысқа ие мамандар даярлау деңгейін арттыру және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру», – деп атап өтті Людмила Олкинян.
Айта кетсек, қазақстандық Allur автомобиль компаниясы әлемдік деңгейдегі алты брендтің (Kia, Chevrolet, JAC, Jetour, Hongqi және Skoda) ресми дистрибьюторы және дилері болып табылады. 2024 жылы компания 5000 қызметкердің кәсіби біліктілігінің арқасында 90 мыңнан астам автомобиль шығарды. Allur адами капиталды дамытуға және инженерлік кадрлар даярлауға бағытталған білім беру жобаларын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. 2021 жылдан бері компания Қостанай автомобиль көлігі колледжімен әріптес болып, онда арнайы Құзыреттер орталығын ашқан. Бұл орталықта студенттер диплом алғаннан кейін нақты жұмыс барысында пайдаланатын жабдықтармен жұмыс істеуді үйренеді. Мұндай тәжірибе ел тарихында алғаш рет қолға алынуда.
Болашақ мамандарды жоғары білікті жұмыспен, бәсекеге қабілетті жалақымен, мансаптық өсудің нақты мүмкіндігімен, толық әлеуметтік пакетімен, тасымалдау және тегін тамақтандырумен қамтамасыз ету көзделген. Сонымен бірге, зауыт жас қызметкерлер үшін заманауи жатақхана салып жатыр. Бұл да жас мамандар үшін қосымша артықшылық болмақ.