20.12.2024, 10:20

Бүгін қазақтың белгілі жазушысы Дулат Исабековтің туған күні (ВИДЕО)

Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған.

82 жыл бұрын (1942) қазақтың белгілі жазушысы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков дүниеге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Исабеков әр жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980), Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас директоры (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылымизерттеу институтының директоры болып еңбек еткен.

Алғашқы әңгімесі 1963 жылы «Замандастар» атты жинақта «Жолда» атауымен жарияланды. Кейін «Бекет» (1966), «Ащы бал» (1969), «Мазасыз күндер», (1970), «Қара шаңырақ» (1973), «Тіршілік» (1975) повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» (1980) романы басылды. Таңдамалы повестері «Екі жиырма» (1983) деген атпен жарық көрді. Бірқатар шығармалары орыс тілінде аударылып, «Полынь» (1978), «Отчий дом» (1979), «Смятение» (1986), «Новоселье в старом доме» (1986) деген атпен басылды.

Таңдаулы пьесалар жинағы «Жеті желкен» деген атпен 1987 жылы жарық көрді. «Ректордың қабылдау күндері» (1975), «Әпке» (1977), «Ертеңді күту» (1979), «Мұрагерлер» (1982), «Алыстан келген ананас» (1984), «Кішкентай ауыл» (1986), «Анасын аңсаған қыз», «Ескерткіш операциясы», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Бонапарттың үйленуі», «МұңлықЗарлық», «Амал мен айла» т.б. пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды. 2014 жылы жазушының «Өкпек жолаушы» атты пьесасы Лондон қаласында қойылды.

Жекелеген туындылары бойынша «Гауһар тас» (реж. Ш.Бейсембаев, 1975), «Дермене» (реж. А.Әшімов, 1986), «Тауқымет» (реж.Ұ.Қолдауова) көркем фильмдері түсірілді. «Мұрагерлер» пьесасы үшін Д.Исабеков 1985 жылы Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығын алды, одан бөлек ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1992), Халықаралық ПЕН клуб, Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының (2006) лауреаты.