20.12.2024, 11:00

Ресейде ерлерге төрт әйел алуға рұқсат берілді

Фото: © РИА Новости / Владимир Астапкович

Оны Мәскеу мүфтиі және РМДБ төрағасының орынбасары Ильдар Аляутдинов мәлім етті.

Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының теологтар кеңесі ерлерге төрт әйелге дейін алуға рұқсат берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы РИА НОВОСТИ сайтына сілтеме жасап. 

РМДБ-ның басты талабы – көп әйел алған ер адамдар әйелдеріне әділ және тең қарауы керек. Оны Мәскеу мүфтиі және РМДБ төрағасының орынбасары Ильдар Аляутдинов мәлім етті.

"Ер адамның екінші, үшінші, тіпті төртінші діни некеге тұру мүмкіндігі туралы шешім қабылданды. Егер жұбайы денсаулығына байланысты, репродуктивті жасының аяқталуына байланысты бала көтере алмаса немесе өзі босанғысы келмесе, тағы әйел алуға рұқсат етіледі. Басқа да объективті себептер, мысалы, жұбайының жыныстық сәйкес келмеуі сияқты фактілер де ескеріледі", – деді Аляутдинов.

Сөзінше, ер адам материалдық жағынан және уақыт пен көңіл бөлу жағынан теңдікті ұстануы тиіс.

"Ол үшін барлық әйелді бірдей материалдық қамтамасыз етіп, олардың әрқайсысына жеке тұрғын үй беру, олармен келісімде белгіленген тәртіпте тең уақыт өткізуі маңызды. Егер бұл шарттар орындалмаса, онда ер адамға бірнеше әйелмен некеге тұруға болмайды", – деп қосты мүфти.

Үйленген ер адам әйеліне басқа әйелге үйлену ниетін де хабарлауы керек деді ол.

"Әйелінің барын жасыруға болмайды. Егер ол бұл туралы хабардар болмаса және бұған шыдауға дайын болмаса, онда ол өзінің некесін бұзуды талап етуге құқылы", – деп толықтырды Аляутдинов.

Сонымен қатар Ресей мұсылмандары діни басқармасы ғұламалар кеңесі төрағасының орынбасары әйелдердің бұрынғы некесінен туған балаларын да асырап алуға міндетті екенін хабарлады.

Пәтуаның ережелері ерлі-зайыптылардың діни некедегі құқықтары мен міндеттерін нақтылайды және Ресейдің отбасы құқығының нормаларын алмастырмайды деп атап өтті Аляутдинов.

Заң бойынша мемлекеттік АХАЖ органдарында қиылған бір ғана неке мойындалады, бірақ діни некедегі көп әйелді отбасылар бар болғандықтан, ондағы әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету керегін түсіндірді.

"Тек шариғат бойынша неке қиған әйелдің құқығы заңды түрде қамтамасыз етілмеген. Біздің теологиялық пікіріміз оның құқығын сақтау үшін қажетті шараларды қабылдауға көмектеседі", – деп түйіндеді мүфти.