20.12.2024, 22:30

«Қазақ халқын әдемі лақтырды»: Cарапшы алдаудан рекорд жаңартқан алаяқтардың есімін атады

Фото: Айбар Олжаевтың Фейсбук парақшасынан алынды

Қазақстанда ең тиімді жұмыс істейтін жалғыз топ – алаяқтар. Бәріміз өз саламызда осылай жұмыс істесек еліміз дамып кетер еді. Жастардың энергиясы басқа жаққа кетіп жатыр. 

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев қазақстандықтарды оңбай алдаған үштік туралы жазды, деп хабарлайды Sкifnews.kz ақпарат порталы.

«Тема тапқан талантты аферист пен екі көмекшісі. Зумерлер Дәулет Түймебай, Назерке Арсланова мен Гүлнар Рысбаева триосы қазақ халқын әдемі лақтырды.

Жас, әрі талантты алаяқ Дәулет Түймебай адамдарды алдау бойынша Қазақстан рекордын жаңартты деуге болады. Ең алдымен ол 2000 жылы туған, екі өте пысық сатушы қыз – Назерке Арсланова мен Гүлнар Рысбаеваны командасына кіргізген. Ол ұйымдастыру жұмыстарын реттейді, көмекшілері клиент тарту керек.

Басында олар адамдарды Англия, басқа да шетелге жұмысқа жіберетін «Грант Торреро» деген агенттік ашады. Англияда алма жинау тақырыбы қызып тұрғандықтан, шетелге барып ақша табуға ниетті қырғын клиент жиналған. Алданғандар Англия тұрмақ Арқалықтың да жоқ екенін түсіне бастаған сәтте, Дәулеттер оқушыларды Еуропа мен АҚШ университеттеріне түсіретін «ZeynQoi» оқу орталығын ашып жібереді.

Екі пысық қыз жарнама көркін келістіріп, жүзге жуық ата-ананың әрқайсынан 1,5 миллион теңгеден жинап алады. Адамдар сену үшін тіпті сабақ беретін оқытушыларды да тартып, бәрін келістіріп ұйымдастырған. Тек бір айдан кейін айлықтың бетін көрмеген оқытушылар кетіп қалған. Ал ата-аналар мен оқушылар алданғанын түсініп, прокуратура мен полиция есігін қаға бастайды.

Дәл осы кезде Дәулет Түймебай қайтадан адамдарды шетелге жұмысқа орналастыратын «Jumyste» деп аталатын фирма ашып үлгереді. Қазір ол жақ та шулай бастады.

Өкінішке қарай, Қазақстанда ең тиімді жұмыс істейтін жалғыз топ – алаяқтар. Бәріміз өз саламызда осылай жұмыс істесек еліміз дамып кетер еді. Назерке Арсланова мен Гүлнар Рысбаева тура осылай шетелден инвесторлар тартқанда, Дәулет үш жерден зауыт ашып тастап, өнімін экспортқа шығарғанда экономика үшін қорықпауға болар еді. Жастардың энергиясы басқа жаққа кетіп жатыр», - деп жазды қаржы сарапшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.