Ақтөбеліктер жаман әдет шығарып, қорымнан тірі адамдарға орын алып қоюды әдетке айналдырып барады, деп хабарлайды 7 арна.
Бестамақ елді мекеніндегі мұсылмандар зиратында бос жатқан алты орынды жұрт бұрынан иемденіп алыпты. Айналасын қымбат қызыл мәрмәр тастармен қоршап қойған. Мұндай үрдіс Ақтөбеде соңғы екі жылда пайда болды.
— Адамның пейілі солай болып кеткен. Ата-баба дәстүрімен бұрын тек артында тұяқ қалмаған адамға ауыл болып, ел болып жиналып орын дайындайтын. Олда тек жасы келгенде артында баласы болмағанда жасалатын, қазір ол жоқ,— дейді бейіт күтуші Оңғарбай Каюпов.
Ал мұндай жаңашылдықты естіген имамдар жағаларын ұстап отыр. Олар «жасы келген қариялардың қосағы өмірден ерте озса, шалының не кемпірінің жанында жай тапсын деген ниетпен бір ғана орын дайындауға болады», дейді.
— Жалпы шариғатта алдын ала жер алып қою, жер белгілеу деген болмаған. Ол қайшы. Мұсылманның тек бір арманы болу керек егер көз жұмсам мұсылмандардың жанына жерленсем деген ғана басқа міндеті жоқ,—дейді облыстың бас имамы Әбдумүтәлі Дәуренбеков.