Жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісінде аталып өтетін спортшылардың басты мерекесіне орай Астанада 40-тан астам іс-шара өтеді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Қала әкімдігінің ресми сайтының хабарынша, қаланың үш ауданында бірдей мерекелік жарыстар мен «Көңілді старттар» 12 тамызда басталып кетті. Бүгін кешке Алматы ауданының тұрғындары Иманов көшесі 32/2 мекен-жайында өтетін «Көңілді стартқа» қатыса алады. Ал, ертең (14 тамыз) «Көңілді старт» Пушкин көшесі 9 мекен-жайында жалғасады. Сонымен қатар Көкталдағы Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінде бірнеше спорт түрі бойынша қала біріншіліктері өтеді.
Сондай-ақ, қала қонақтары мен тұрғындары 14-17 тамызда Астана, Көкшетау, Атбасар командалары арасында матчтық кездесуді, 15-17 тамыз аралығында «Толқын» СК 1999-2000 ж.т. балалар арасындағы бокстан жолдастық кездесуді тамашалай алады.
Спорт күнін мерекелеу мұнымен шектелмейді. Адам бойын сергітіп, жанын жадырататын шаралар бір апта бойы жалғаспақ. Ал, жаттығып, дене шынықтырып, сайыстарға қатысу көңіл-күйді көтеріп, астаналықтарды бірлікке шақырып қана қоймай, жастарды спортқа, салауатты өмір салтын ұстануға баулуға мүмкіндік береді.