Бірақ көз жұмған адамды қайтара алмайсыз.
Маңғыстау облысының әкімі әкімдік алдында өзін өртеп, көз жұмған ер адам туралы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Orda.kz сайтына сілтеп.
Журналистер Нұрдәулет Қилыбайдан 5 желтоқсанда Ақтауда болған қайғылы оқиғаға түсініктеме беруін сұрады. Әкіммен кездесе алмаған ер адам әкімшілік ғимаратының жанында өзін-өзі өртеп жіберген еді. Нұрдәулет Қилыбай оқиғадан бір апта бұрын марқұмның өмір сүрген Қарақия ауданына барып, азаматтарды қабылдаған екен.
«Мен екі күн болдым. Бірінші күні көшеде халықпен кездестім. Апаттық жағдайдағы үйлерді араладым. Екінші күні тұрғындарды таңертеңнен түнге дейін қабылдадым. Біз қабылдау уақытын шектемедік және барлық тілек білдірушілерді қабылдадық. Бұл адамның ол кезде келмегені өте өкінішті», - деді әкім.Шенеунік қайғылы оқиға болған күні жиналыста болғанын айтты. Ал ер адамды оның қарамағындағылар қабылдаған.
Әкім марқұмның отбасына көңіл айтты. Қазір кәсіпкерлер ер адамның отбасына қамқорлық жасап жатқанын жеткізді. Марқұмның келіншегі балаларымен бірге Ақтауға көшуге ниетті екен.
«Олар уақытша баспанамен қамтамасыз етіледі. Әрі қарай көреміз. Жергілікті кәсіпкер балаларды оқыту мен асырауды өз мойнына алды. Бірақ көз жұмған адамды қайтара алмайсыз. Отбасында алты баласы қалды. Біздің білуімізше, жұбайы жетінші балаға жүкті. Ер адамның неге бұлай істегенін түсіну қиын. Біз өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін жасадық», - деді әкім.