21.12.2024, 12:30

«Танымал прокурордың некесіз баласы»: «Дикий Арманның» ел білмейтін құпиясы ашылды (ФОТО)

Фото: instagram.com/armandzhumageldiev

Талай көрген адамым екенін білгенде, реакциямның қандай болғанын айтпай-ақ қояйын…

Адвокат Ләззәт Ахатова «Дикий Арман» есімімен танымал Арман Джумагельдиев туралы ел білмейтін ақпаратпен бөлісті. Бұл туралы адвокат Instagram желісінде жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Дикий Арманның соттағы соңғы сөзі деп, “Мен түрмеде мәңгі отырмаймын, сендер мәңгі судья мен прокурор болмайсыңдар. Адам боп қалайық” деген онша қиыспайтын, үйлеспейтін сөздерді желіге салып жатыр екен, бір кісілер. Негізі бізге сондай популизмге жақындау нәрселер қызық қой. Қылмыс әлемінің серкесі, “Дикий Арман” деген атпен танымал Жұмагелдиев Арманның әкесі жайлы мағлұмат естіп пе едіңіздер? Жалғызбасты анасы тәрбиелегенін білетіндер бар болар. Ал әкесі жайлы мәлімет айтылмайды. Жақында әріптестерімнен әкесінің кім екенін естіп, аузым ашылды. Некесіз туған бала екен, бұл жігіт. Кімнің ұлы дейсіздер ме? Прокурордың… Иә, әкесі Оңтүстік өңіріне белгілі прокуратура қызметкері екен. Талай көрген адамым екенін білгенде, реакциямның қандай болғанын айтпай-ақ қояйын…», — деді ол.

Сондай-ақ заңгер әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін де айта кетті.

«Бұны қызық үшін жазып отырған жоқпын. Біздің қоғамда әкенің, ерлердің баланың өміріне, тағдырына, тәрбиесіне жауапкершілігі өте аз екенін, бар жауапкершілік те, тауқымет те әлсіз әйелдің мойнына артылатынын ойланып кеттім… Әкенің бәрі бірдей емес, небір азаматтар баршылық қой, ешқандай баласын өгейсітпей, бәріне жауапкершілікпен қарайтын. Бірақ… Танымал, лауазымды адамдардың арасында да некесіз балаларын тағдыр тәлкегіне шімірікпей тастап, жайбарақат өмір сүре беретіндердің көптігі ойландырмай қоймайды екен… Ол жезөкше боп, әркімнің қолындағы қуыршаққа айнала ма, жоқ, атышулы қылмыскер боп кете ме, бәрібір. Олардың жүрегіндегі жара, мұң, әкеге деген мәңгілік сағыныш, ала алмаған махаббат, өкпе-нала — осындай бұралаң жолдарға түсулеріне себеп болды ма екен деп те ойлап, қуатын боппын, соңғы кезде. Бір күні психолог боп кетпесем болды», — деп түйіндеді заңгер.