Сенат заңды мақұлдап, президенттің қарауына жіберді.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің денсаулығы мен жеке өмірі туралы мәліметтер мемлекеттік құпия саналатын болды. 12 желтоқсанда Парламент Сенаты тиісті түзету енген заңды мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Депутаттар «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңға толықтыру енгізген. Оған сәйкес, енді Қазақстан президент мен экс-президентінің жеке өміріне қатысты ақпараттар заңмен қорғалады.
«Мемлекеттік құпиялар туралы» заңға барлаушылық, қарсы барлаушылық, жедел-іздестірушілік және өзге де қызметті мемлекеттік құпияларға жатқызудан басқа, Қазақстан Республикасы президентінің және оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұйымдастырылуы, күштері, құралдары мен әдістері туралы мәліметтер, Қазақстан Республикасы Президентінің денсаулық жағдайы мен жеке өмірі туралы мәліметтер, Қазақстан Республикасының экс-президенттерінің және олардың отбасы мүшелері туралы ұқсас мәліметтерді енгізу бойынша толықтыру енгізіледі», - делінген қорытындыда.
Сенат заңды мақұлдап, президенттің қарауына жіберді.
Парламент сенатының мүшесі Айгүл Қапбарова бұл жаңа норма заң жобасы мәжілісте қаралған кезде енгізілгенін айтты.
"Бұл денсаулық туралы деректер. Қазақстанда кез келген азамат жеке өмірінің құпиясын сақтауға құқылы. Бұл денсаулық мәселесіне, оған қойылған диагноздарға байланысты. Көптеген елде президенттердің денсаулығы туралы мәліметтер құпияға жатады", – деген сенат депутаты.
Осыған дейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова Қазақстанда Назарбаевтың атындағы «Елбасы медалін» алып тастау әзірге жоспарланбағанын айтқан болатын. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы награданың күшін жою мәселесі әзірге күн тәртібінде жоқ екенін мәлімдеген.
Еске сала кетсек, 2023 жылы қаңтар айында Парламент «ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» заңды қабылдады. Бұл құжат Назарбаевты бірқатар артықшылықтардан, соның ішінде Елбасы мәртебесінен айырды.
Айта кетейік, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев соңғы рет 6 қазанда АЭС салуға қатысты референдумда бой көрсетті. Астана қаласындағы №256 учаскеде дауыс беруге келген экс-президент «Табысты болыңдар, бақытты болыңдар!» – деді де ешкімге қайырылмастан жүре берді.