Сонда екі жылда болашақтың капиталы деп жинап қойған Ұлттық қордан 24 миллиард доллар ақша алынбақ.
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай "Qasqa Jol" YouTube арнасында қонақта болып, бюджет қаражатын бөлу туралы сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ қоғамды дүр сілкіндірген Талғардағы Шерзат оқиғасына қатысты пікір білдірді, - деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мақсат Толықбайдың сөзінше, біздің Үкімет бжджетті дұрыс жоспарлауды білмейді.
"Бюджетті бөлу жоспары бір жылға, екі жылға, үш жылға деп бөлінеді. Келесі жылға бөліну керек қаржының барлығын жинақтап бізге алып келеді. Осы жерде біздің кемшін тұсымыз дұрыс жоспарлаудың жоқтығы. Біз қазір қарызға өмір сүріп жатырмыз. Бюджет тапшылығын жабу үшін Үкімет жақында 3 трлн қарыз алды. Оның 600 миллиардын Жапониядан алып жатыр. Одан бөлек, Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге, "Қазатомпром" арқылы 1 трлн теңге, келесі жылы тағы Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге қарыз алмақ. Сонда екі жылда болашақтың капиталы деп жинап қойған Ұлттық қордан 24 миллиард доллар ақша алынбақ. Сол үшін Үкімет дұрыс жоспарлауды үйрену керек. Жоспарлайды, ақша жетпей қалады. Жапониядан 0,5 пайызбен алып отырмыз, деп айтады. Бірақ қарыз мақтанатын дүние емес. Қаржы министрлігінде жап-жас жігіттер, жауапкершілікті ешкім алмайды. Қазір мен банктен несие алып уақытында төлей алмасам менің үйім мен көлігімді тартып алады. Ешкім жауап бермейді, ешкім сөгіс алмайды. Бізге жауапкершілікті күшейту керек. Доллардың бағамы, мұнай бағасы басқа да өзгерістерді ескере отырып жоспар құруға болады. Оны да жасай алмайды. Айналып келіп қарыз ала береді. Бізде қазір шығыс көп, кіріс аз. Ұлттық қордағы ақшаны талан-таражға салатын болсақ, болашақ ұрпаққа не қалады? Біздің бюджет негізі салықтан тұрады. Осы жылы 3 трлн салық түсуі керек болған. Ол да түспеді, оны да ешкімнен сұрамайды. Артық шығындарды, конференциялар мен керегі жоқ жобаларды өткізуді де тоқтату керек. Біз өркендеп жатқан салаға көмектесудің орнына банкрот болып жатқан жерге ақша құямыз. Мұндай жағдайда дамудың жолы қиын. Экономикада да еркіндік болу керек", - дейді депутат.
Бағадарлама жүргізушісі халық қалаулысынан Шерзат оқиғасына қатысты пікір сұрады. Сөзінше, мұның артында әлеуметтік теңсіздік пен жемқорлық тұр.
"Үлкен трагедия. 1,5 айдың ішінде екі адам кетті. Тергеу материалдары бойынша, суицид жасаған. Бірақ оны өлімге итермелеген жағдайды көріп отырмыз. Жаназасында әкесі түрлі эмоцияға берілді, өйткені оның өмірі ойран болды. Бұл жерде тыныштықты ойлап, шуды басу үшін оның қолын қайырып алып кеткен дұрыс емес. Психологтармен жұмыс болуы керек еді. Бұл бірінші кезекте Бас прокуратураның жауапкершілігі. Тергеу материалында біз білмейтін құпия бар. Басынан ашық жүргізуі керек еді. Бұндай жағдайлар өзге өңірлерде де болып жатқан шығар. Отбасын қауіпсіз жерге бірінші кезекте көшіру керек еді. Құзырлы органға келетін сын. Бишімбаевтың соты сияқты мұндай резонанс дүниелерді ашық жүргізу қажет. Екінші жағынан мұның барлығы сенімнің азайғанынан шығып жатыр. Мені қорғайтын сотым мен полициям бар деп айта алмайынша Әділетті Қазақстан құру қиын", - деді Мақсат Толықбай.
Сұхбаттың толық нұсқасын көру үшін сілтемеден өтіңіз: “Біз қарызға өмір сүріп жатқан елміз” - Мақсат Толықбай