$ 525.11  546.74  4.88

«Қазақстанға ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ»: Бозымбаев ұшақ апатын тергеуге қатысты мәлімдеме жасады

Ешкімге қандай да бір себеппен қысым жасаудың мәні жоқ.

Фото: Азамат Сәрсенбаев
Фото: Азамат Сәрсенбаев

Премьер-министрдің орынбасары, Үкіметтік комиссияның жетекшісі Қанат Бозымбаев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанға Ақтау маңындағы ұшақ апатын тексеру мәселесінде «сырттан қысым жасалып жатыр» деген ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Бұл жалған ақпарат екенін бірден айтамын. Бұл апаттың мән-жайын анықтауға ешбір елден ешкім араласуға тырысып жатқан жоқ. Біз бұл жерде ешқандай қиындық көріп тұрған жоқпыз», – деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, Қазақстан ұшақ апатын тергеуге мүдделі барлық елдің кеңінен қатысуын қамтамасыз етті.

«Бұл ең алдымен үш мемлекет: Әзербайжан Республикасы, Ресей Федерациясы және өндіруші ел Бразилия. Олардың барлық өкілі, 17 адам қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр. Ешкімге қандай да бір себеппен қысым жасаудың мәні жоқ. Сонымен қатар Қазақстан 1992 жылдан бері Чикаго конвенциясының мүшесі. Соған сәйкес авиациялық зерттеулер жүргізу туралы кез келген шешімді тергеуді жүзеге асыратын мемлекет қабылдайды. Яғни, кімді тарту керек, кіммен жұмыс істеу керек және т.б. кез келген шешімді біз ғана қабылдай аламыз. Қоғамда біреу біреуге қысым жасайды деген сұрақ туындамауы үшін біз өз бетінше шешім қабылдаймыз», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Еске сала кетейік, Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ апатқа ұшырады. Апат кезінде ұшақ бортында 67 адам болған. Оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары