Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетін Батыс Қазақстан өңіріне қазір Самара, Саратов және Орынбор облыстарының тұрғындары ағылып келуде, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Қала базарларында ресейлік автокөліктерден көз сүрінеді. Олардың барлығы да Оралға бір мақсатпен келген: арзан азық-түлік пен тұрмыстық заттарды көптеп сатып алу. Базардағы сауда көрігін қыздырған ресейліктер өнімдердің сапасының да жоғары екендігін айтады.
— Кәмпит-пішінәй, колбаса... Мұнда арзан екі есе арзан, — дейді РФ Орынбор облысының тұрғыны Жұмағали Сүлейменов.
Сатушылар бұл құбылысты соңғы кезде жиі байқайтындарын айтады. Айтуларынша, ресейліктер арасында ет пен шұжық, кондитер өнімдеріне қызығушылық жоғары. Олар тіпті жүк көліктерімен азанда келіп, таласа-тармаса сатып алады екен.
— Соңғы кездері ресейліктер көптеп келетін болды. Таң атпастан жүк көлігімен келіп, көтерме бағамен арақ-шарапты көптеп сатып алады. Оларға біздің темекі, шәй ұнайды. Бұдан бөлек, тез дайындалатын «Роллтон» секілді тамақтарды да жаппай сатып алады, — дейді саудагер Гүлмира Қайыпқалиева.