$ 498.34  519.72  4.85

Шымкенттегі битум зауыттың түтінінен бір келіншек іштегі сәбиінен айрылды

Оңтүстіктегі Сарыағаш ауданына қарасты ауыл жұрты битум шығаратын зауыттан зәбір көргендерін айтып, өндіріс орнының жұмысын тоқтатуын талап етуде, деп хабарлайды «7 арна».

Айтуларынша, жаңадан іске қосылған кәсіпорын тұрғындардың тынысын тарылтып барады. Соның салдарынан еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ауруға ұшырап жатқан көрінеді.

Іске қосылғанына 3 айдан асқан шағын кәсіпорынның жұмысына наразы жұрттың қарасы қалың. 60-тан астам адам зауыттың ішіне басып кіріп, тірлігін тоқтатуға тырысты. «Зиянды қалдықтардан зәбір көрудеміз» деп айқайға басқан жұрт бірінші кезекте ауылдың әкімін сұрақтың астына алды.

— Келінім құса бастады. Сөйтсем, көтеріп қойған екен. Мен жерік екен дедім. Сөйтсем, «мына иістен шыдай алмай жатырмын, өліп қаламын-ау» деді. Дәрігерге апарсақ, «ішіңдегі балаң қатып қалған. Алып тастамаса болмайды. Мына уланудан болған» деді,— дейді Дарбаза ауылының тұрғыны Жәмиля Сатыбалдиева.

Алайда ауыл әкімінің халыққа берер мардымды жауабы болмай шықты.

Ауылдықтардың әлекке түсіп жатқанын дәрігерлер де жақсы біледі. Алайда, толық тексеру жүргізуге мүмкіндігі жоқ олар әзірге тек алғашқы көмекпен шектелуде.

— Бір күнде біздерге 35-50 адам келеді. Оның бәрі иістен емес. Оның ішінде он шақтысы іші өтіп, жөтелмен келеді. Соңғы кезде жөтелмен көп келіп жатыр. Себебі бұл иіс, шырышты қабықты тітіркендіреді. Біз бірінші жәрдем көрсетіп, жіберіп жатырмыз, — дейді Дарбаза ауылдық амбулаториясының дәрігері Гүлайым Мүталиева.

Топ болған қалың қауым ауданның әкіміне арызданып, шағын зауыттың тірлігін тоқтатуды сұрап қол қойды. «Егер аудан басшысынан мардымды жауап келмесе, кәсіпорынның жұмысын қара күшке салып, өз бетімізше тоқтатуға мәжбүрміз» деп отыр. Жергілікті жұрттың осындай жанайқайынан соң Сарыағаш ауданының әкімдігінде шұғыл жиын болды. Аудан басшысының айтуынша, дауға түрткі болған өндіріс орны, мемлекеттік үдемелі индустриялды-инновациялық бағдарламасы негізінде ашылған. Әкімнің айтуынша, іске қосылғанына 3 айдан енді асқан кәсіпорын 850 млн. теңге салық төлеп, қазына бүйірін томпайтыпты. Сондықтан, ең алдымен оның экономикалық тиімділігі зор дегенді алға тартып отыр.

Жұмысын енді ғана жандандыра бастаған кәсіпорын өкілдері болса, 14 млн. теңгеге тазарту фильтрлерін орнаттық деп ақталуда.

— Орнатылғанына 20 күн көлемінде болды. Ресейге тапсырыс бердік, кешігіп келді. Біз шығып жатқан газды жағып, фильтрлеп отырмыз. Бұған қосымша тағы тапсырыс бердік. Фильтр тазалауға Ресейге. Ол 15-18 күн ішінде келіп қалады, — дейді битум өндіруші серіктестіктің бас директоры Серік Ағабеков.

Дегенмен, өндіріс орны мемлекеттік комиссияның қабылдау акітісінен әлі өтпеген екен. Тұтынушылар құқын қорғау басқармасының басшылығы зауыт комиссиядан өтуге енді ғана өтінім бергенін айтуда.

«Лабораториялық сараптама мен нормативтердің сақталуын тексеруге 15 тәулік керек» деген басшы зауыттың залалы бар-жоқтығы сол кезде анықталады деп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары