07.01.2025, 11:30

Бүгін ғарышкер Талғат Мұсабаевтың туған күні

Ұшу кезінде 5 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты.

Осыдан 74 жыл бұрын (1951) Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, ғарышкер Талғат Амангелдіұлы МҰСАБАЕВ дүниеге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

 Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Рига азаматтық авиация инженерлері институтын және Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесін бітірген. 1987 жылдан АН-2 ұшағының 2-ші ұшқышы, командирі, 1989 жылы Ульяновск қаласындағы ұшқыштар, диспетчерлер және инженер-техник кадрлар дайындау орталығын бітіріп, Алматы біріккен авиаотрядының 1-ші ұшу отрядында ТУ-134 ұшағының 2-ші ұшқышы болды. 1990 жылы Ю.А.Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кіріскен. 1991 жылы оған «Ғарышкер-сынақшы» санаты берілген.

1994 жылғы маусымның 1-інен қарашаның 4-іне дейін «Союз-ТМ» ғарыш кемесінің борт-инженері ретінде ғарышта болып, 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Ұшу кезінде қазақстандық ғылыми-зерттеулердің 2-ші бағдарламасын орындады. 25-ші негізгі экспедиция бағдарламасы бойынша 1998 жылы қаңтардың 29-ы мен тамыздың 25-і аралығында «Союз-ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің командирі ретінде ғарышта болды.

Ұшу кезінде 5 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Бұл сапар барысында ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің 3-ші бағдарламасы орындалды. 2001 жылғы сәуірдің 28-і мен маусымның 6-ы аралығында «Союз-ТМ-32» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыштық стансасына барған бірінші экспедицияның экипаж командирі міндетін атқарды. Бұл ұшу кезінде ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің 4-ші бағдарламасы орындалды. 2003-2005 жылдары - Ю.А.Гагарин атындағы Ғарышкерлер дайындау орталығының топ командирі. 2005-2007 жылдары - «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамының бас директоры. 2007 жылдың 11 ақпаннан 11 сәуірге дейін Қазақстанның әуе-ғарыш агенттігінің директоры қызметтерін атқарған. 2007 жылдың сәуірінен - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы қызметін атқарды. 2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болды.

1-ші дәрежелі Барыс, Отан, Халықтар достығы, Аустрияның «Күміс Қыран», Ресейдің «1 дәрежелі Ұлы Петр» ордендерімен, көптеген медальмен марапатталған.