09.01.2025, 13:00

Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде бір-бірінен көз жазып қалған ерлі-зайыптылар қауышты (ВИДЕО)

Фото: media.az

Сираджовтар отбасы 25 желтоқсанда Бакудан Грозныйға ұшатын рейс кезінде ұшақта болған. 

Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған Нұролла Сираджов ауруханаға жеткізілген жұбайы Муслимат Сираджовамен қауышты, деп хабарлайды skifnews.kz ақпарат порталы Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, ол палатаның босағасында тұрып, әйеліне қарап көз жасына ерік берген.

Yeni klinika медициналық мекемесінің баспасөз хатшысы Нұрида Аллахярова бұл қуанышты жаңалықты Facebook әлеуметтік желісінде хабарлап, видео жариялады.

Видеодан Нұролла Сираджовтың бір күн бұрын клиникаға жеткізілген жұбайына барған сәтін көруге болады. Палатаның босағасында тұрып, ол әйеліне қарап көзіне жас алған.

Айта кетсек, Сираджовтар отбасы 25 желтоқсанда Бакудан Грозныйға ұшатын рейс кезінде ұшақта болған. Нұролла Сираджов апат кезінде жұбайы Муслимат қасында отырғанын, бірақ есін жиғанда оны таппай қалғанын айтқан болатын. Алғашқыда әйелдің апатта қаза болғаны туралы ақпарат тараған. Бірақ кейін оның аты тірі қалғандар тізімінен табылды. Ол Қазақстанда емделіп, 30 желтоқсанда Yeni Klinika ауруханасына жеткізілген.