09.01.2025, 17:00

Қарағандыда үй өртеніп, екі баланың мәйіті табылды

Фото: piхabay

Құтқарушылар 2020 және 2022 жылы туған екі баланың денесін тапты.

Бүгін түнде Қарағандыдағы Пришахтинская көшесіндегі екі пәтерлі үйдің шатыры мен төбесі, сондай-ақ тұрмыстық заттары өртенді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 50 шаршы метр аумақты қамтыған өрт толықтай сөндірілді.

Құтқарушылар оқиға орнына жеткенге дейін 2017 және 2015 жылы туған екі бала өз беттерімен үйден шығып, алдын ала «көмірқышқыл газынан улану» диагнозымен балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді.

Өрт сөндірушілер шұғыл түрде келген соң, көміртегі тотығымен уланған және күйік алған 1964 жылы туған әйелді Мақажанов атындағы клиникаға алып кетті. Сондай-ақ, олар 2020 және 2022 жылы туған екі баланың денесін тапты.

Өрттің негізгі себебі - электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Қазір оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптама жүргізілуде.