Тағы бір жоғалған адамды іздеу жұмыстары күндізгі уақытта жүргізіліп жатыр.
Семейде балықшылар өзенге құлап кеткен көліктегі жолаушылардың бірінің денесін тапты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, кезекші пультіне жергілікті балықшылардан жоғалып кеткен жолаушылардың бірінің денесін судан тауып, алып шыққаны туралы хабарлама түскен.
Хабарламадан кейін төтенше жағдайлар қызметі дереу оқиға орнына жеткен, кейін туыстары марқұмды таныған. Тағы бір жоғалған адамды іздеу жұмыстары күндізгі уақытта жүргізіліп жатыр. Жұмысқа 100-ден астам адам, 13 моторлы қайық, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты, 3 гидроакустикалық құрал және 1 су асты дроны жұмылдырылған.
"Ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, апаттардың алдын алу үшін Абай облысының төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын қыста су қоймаларына жақын бармауға шақырады", - деді ведомство өкілдері.