14.01.2025, 16:00

Интимдік материалдар дайындаған азаматтардың ісі әшкере болды (ВИДЕО)

Олар модельдік агенттіктің атын жамылып, Web-Cam арқылы интимдік сипаттағы материалдарды дайындаумен және таратумен айналысқан.

ІІМ тергеу департаменті трансұлттық ҰҚТ құру және оған қатысу фактісі бойынша көп эпизодты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Sкifnews.kz ақпарат порталы.

2023 жылдың тамыз айында ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі бөліністерімен бес ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе) Қазақстан мен жақын шетелдердің азаматтары ұсталды. Олар модельдік агенттіктің атын жамылып, Web-Cam арқылы интимдік сипаттағы материалдарды дайындаумен және таратумен айналысқан.

Қылмыстық бизнеске 18 жастан 25 жасқа дейінгі қазақстандық қыздар тартылған.

Қылмыстық топтың ақша айналымы үш миллиард теңгеден асқандығы анықталды.

Қылмыстық іс бойынша 21 адам күдікті деп танылған. Олардың мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

«Былтыр желтоқсан айында осыған ұқсас қылмыстық сызбаның жолы кесілді. Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының үйлестіруімен аумақтық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің жедел уәкілдері бір мезгілде еліміздің 11 өңірінде аталған қылмысқа қатысы бар 50-ден астам адамды құрықтап, жеткізді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҰҚТ құру және оған қатысу фактісі бойынша жүргізілуд», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.