Бақыт Реймова – Талғарда кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың әпкесі.
Желіде адвокат Мейірман Шекеев пен блогер Жан Ахмадиев Шерзат Полаттың әпкесі Бақыт Реймова депортацияланбай, елде қалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматы облысының прокуратурасы Бас прокуратураның келісімімен Жоғарғы сотқа Бақыт Реймованы депортацияламай, жазасын басқа жолмен өтеу туралы өтініш жолдаған. Енді оның елде қалу мәселесін Жоғарғы сот шешеді.
Бақыт Реймова елден шығарылса, оның кәмелетке толмаған ұлы Мейірбек Реймов асыраушысыз жалғыз қалады. Сол үшін жеткіншек анасынан айырмауды сұрап, президентке үндеу жасаған еді.
Адвокат Мейірман Шекеев БҰҰ-ның бала құқығы туралы конвенциясына сай бала мен ананы ажыратуға болмайтынын еске салды. 1989 жылы қабылданған бұл талапты сақтауға Қазақстан да міндетті.