Әйелдер балаларын қалай асыраймын деп бас қатырмайды. Билік басындағылар қарапайым халықтың жері мен мүлкін «мемлекет қажетіне» деп тартып алмайды.
Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Меккеде жүр. Құқық қорғаушы ол жақта не көріп, не түйгенін жазды, деп хабарлайды Sкifnews.kz ақпарат порталы.
Оның пайымдауынша, Меккеде әйелдер балаларын қалай асыраймын деп бас қатырмайды.
«Мұхамеджан Тазабек ағамыздың жазбаларын оқып, Сауд Арабиясы артта қалған ел деп ойлайтын едім. Сөйтсем, бұл ел білім мен цифрлы жаһандану арқылы дамуға бар күшін салып жатыр екен. Ал біздің қазақтар сол елдің жаһандануына өз үлестерін қосып жатыр.
Тазабек қандай Меккеге барып жүргенін қайдам, бірақ мен барған Меккеде әйелдердің құқығы өте жоғары деңгейде екенін байқадым.
Әсіресе ер азаматтар ақша табуды толық өз жауапкершілігіне алған.
Әйелдер балаларын қалай асыраймын деп бас қатырмайды.
Билік басындағылар қарапайым халықтың жері мен мүлкін «мемлекет қажетіне» деп тартып алмайды.
Бұл елде бөлісуге тұрарлық пайдалы және қызықты дүниелер өте көп.
Қаңтар оқиғасы кезінде елден «талақ айтып» кеткен Мұхамеджан ағамыз кезінде билікке осы елдің керемет тәжірибесін неге айтпады деген сұрақ мені мазалады.
Кофе ішіп, әтір сеуіп, қарапайым халыққа тек ақыл айтып қана қоймай, Сауд Арабиясы патшаларының өз халқына қандай жағдай жасап жатқанын насихаттамағаны өкінішті.
Оның жанындағы шапанын көтеріп жүрген шәкірттері мен Асыл арнасы тек құлшылық пен әйелдермен ұрсып, орамал мен тоқалдан басқа ештеңе айтпайтын. Отыз жыл бойы қараңғы халықты дінмен улау билікте отырғандарға тиімді болды.
Қара халықты әдейі тобырға айналдырды!
Қалай болғанда да әйелдерді езумен келді. Бұл – халықтың сенімін улау арқылы қоғамды басқарудың үлкен саясаты.
Миы уланған қараңғы әйел топас ұрпақ тәрбиелейді. Ұлтты жойғың келсе, көп нәрсе қажет емес – әйелді білімсіз қылсаң жеткілікті. Нәтиже: қараңғы ұрпақ! Ал Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қызы Фатимаға көрсеткен құрметі мен мәртебесін бұлар білмеді деу мүмкін емес.
Әр елдің заңын, салт-дәстүрін сыйлап, құрмет көрсету – міндетім. Бірақ бұл мен орамалға келдім деген сөз емес! Өздерің ше пәтуа шығарып жүрмеңдер.
Ата-анамды Меккеге арқалап емес, ұшақпен алып бардым», - деп жазды заңгер әлеуметтік желідегі парақшасында.