Істің мән-жайын ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев айтып берді.
Қазір елордада Ақтаудағы сарбаз өліміне қатысты сот өтіп жатыр. Істің мән-жайын ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
— Аталған факті бойынша қызметтік тергеуді Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қорғаныс министрінің орынбасары жүргізді. Қазір іс Астана қаласының әскери сотында қаралып жатыр. Қылмыстық іс бойынша взвод командирі, лейтенант Досовқа айып тағылып отыр, ол әскери жоғары оқу орнының 2024 жылғы түлегі, өткен жылдың тамыз айында әскери бөлімде қызметке кірісті. Қыркүйек айында Оймашы полигонына жіберілді, — деді Мереке Көшекбаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінің өкілі, сарбаз өліміне қатысты бірнеше лауазымды тұлғаның жауапқа тартылғанын айтты.
— Қорғаныс министрінің бұйрығы негізінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал Артықов жазаланды, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бастығы қызметінен шеттетілді, сонымен қатар үш лауазымды тұлғаға қызметіне толық сәйкес келмейтіндігі ескертіліп, төрт офицер әртүрлі тәртіптік жазаға тартылды, — дейді құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы.