22.01.2025, 11:20

«Тек орыс тілінде қызмет көрсетеміз»: Павлодарда арандатушылық тудырған әйел сазайын тартты

Фото: видеодан алынды

Сот нәтижесінде павлодарлық азаматшаға 55 048 теңге айыппұл салынды. Бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ұсақ бұзақылық ісі бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Sкifnews.kz ақпарат порталы.

Сот барысында 2025 жылдың 16 қаңтарында азаматша Н. Павлодар қаласы Лермонтов көшесіндегі дүкеннің кіреберіс есігі мен сөресіне «Тек орыс тілінде қызмет көрсетеміз» деген жазба жапсырғаны анықталды. Бұл әрекет қоғамдық тәртіпті бұзып, адамдардың тыныштығын сақтамауға, сондай-ақ айналасындағы адамдарға құрметсіздік көрсетуге әкелген.

«Н есімді әйел өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Ол өзінің әрекетін «Маған бір фарш беріңізші» деген өтінішіне сатушының орысша жауап беруін сұрағаны себеп болғанын түсіндірді. Бұл оның мұндай әрекетке баруына негіз болған. Н-ның кінәсі оның түсініктемелері, куәлардың айғақтары, бейнемазмұн және басқа да іс материалдарымен дәлелденді», – деп хабарланған сот шешімінде.

Сот нәтижесінде павлодарлық азаматшаға 55 048 теңге айыппұл салынды. Бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде әйелдің дүкен сөресіне «Тек орыс тілінде қызмет көрсетеміз» деген жазу жапсырғаны туралы ақпарат тараған болатын.