Бұл мәселеде бастысы — қыздар.
Блогер Құлпынай Калменова бұрынғы күйеуі Қолғанат Жұмабаевты әлеуметтік желі арқылы педофил деп айыптаған. Енді ол бұл айыптауларға қатысты көпшіліктің сұрақтарына жауап беру үшін Руслан Өтепбайдың студиясында өтірік детекторының сынағынан өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кішкентай қыздарды видеоға түсіріп, сауалнама алып жүрген Қолғанат Жұмабаевқа қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бір тарап күйеуінің айыбы жоқ деп, блогердің сөзіне күмәнмен қараса, екінші тарап оның айыптауларын дұрыс деп отыр.
Құлпынай Калменова күйеуінің абыройын түсіру үшін жалған айыптағаны туралы қауесеттер тараған еді. Көпшілікті қызықтырған сұрақтың бірі: блогер күйеуінен кек алуды мақсат етті ме?
Ол сұраққа былай жауап берді.
«Иә, кек алғым келді. Бірақ қазіргі мақсатым кек алу емес. Бұл мәселеде бастысы — қыздар. Мен оны педофил деп айыптағаным кек алу үшін емес, тек ол осы қиянат үшін жауап беруі тиіс деп ойладым», - деді Құлпынай Калменова.
Еске салайық, блогер Құлпынай Калменова әлеуметтік желіде күйеуімен ажырасуына себеп болған басты мәселе — оның кішкентай қыздармен қарым-қатынасы, сондай-ақ педофилизмге жол беруі екенін айтқан. Ол тіпті бірнеше рет бұл туралы желіге видео жариялаған. Блогер бұрынғы күйеуінің телефонынан кішкентай қыздармен сөйлескен хаттар мен фотоларды тауып, оларды желіге жариялаған еді.