$ 496.71  531.33  5.55

«Бәрі ойдан шығарылған»: Болат Мажағұлов сотта соңғы сөзін айтты

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Болат Мажагұловқа аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті жымқырғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Фото: ortcom.kz
Фото: ortcom.kz

Астана қаласының мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажагұлов аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті жымқырды деген айыппен сотта соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Sкifnews.kz ақпарат порталы.

Ол өзіне тағылған айыптарды толықтай теріске шығаратынын мәлімдеді.

«Бұл барлық айыптар ойдан шығарылған, дәлелдер жоқ. Мен өзімді ешқандай кінәлі деп санамаймын. Сотта менің кінәсіздігім толық дәлелденді. Мен ешқашан жалғандыққа жол берген емеспін. Өзімнің шындығымды соңына дейін балаларым үшін дәлелдеймін. Барлық айыптау тек сөздерге негізделген. Сот ісінде менің есепшоттарыма заңсыз ақша аударылғаны немесе менің байығаным туралы нақты дәлелдер жоқ. Бүкіл банктік есепшоттар тексерілді, ешқандай заңсыз мүлік табылған жоқ», – деп мәлімдеді Мажағұлов.

Сот үкімі бүгін сағат 15:00-де шығарылады.

Еске салсақ, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Болат Мажагұловқа аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті жымқырғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Бұрынғы басшының қамауға алынғаны туралы ақпарат өткен жылдың қыркүйек айында шыққан еді. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл мәліметті растап, экс-басшы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты бюджет қаражатын жымқырғаны туралы сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

 2016 жылы Астана қаласының туған күнін атап өту мақсатында салынған «Күн» субұрқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері өтпей, келісімшарттар жасалғаны, ал жобалық-сметалық құжаттамалар мен мемлекеттік сараптамадан фонтан өтпегені айтылған еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 2

Серіктес жаңалықтары