$ 518.14  537.57  5.27

МӘМС жыры: Халықтың өз қалтасынан шыққан ақша қалайша өзіне жетпей қалды

Енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енген азаматтар, өздері төлеп отырған ай сайынғы жарнаның қайда және қалай жұмсалып отырғанын бақылай алады.

Фото: pixabay
Фото: pixabay

МӘМС - бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Жүйе Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылды. Осы уақыттан бастап қазақстандықтар медициналық сақтандыруға ақша аударып, қажетті медициналық қызметтер спектрін пайдалана бастады. Алайда соңғы жылдары елімізде жүйеге көңілі толмайтындар жиіледі. Оның себебі неде? МӘМС неге лайықты жұмыс істемей жатыр? Skifnews.kz ақпарат порталының тілшісі зерттеп көрді.

МӘМС жүйесі қалай жұмыс істейді?

Көбі МӘМС-ті – зейнетақы қорының баламасы, яғни ақша жинақталған соң ғана пайдалана аламыз деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес! МӘМС – зейнетақы қоры емес! Бұл медициналық секторды қаржыландырудың жаңа моделі.

Мысалы, бүгін медициналық көмек сізге қажет болса, қордың қаражаты сіздің емделуіңізге жұмсалады. Ал ертең медициналық көмек сіздің жақын адамыңыз, туысыңыз, досыңыз немесе көршіңізге қажет болғанда, қор қаражаты олардың ем алуына бағытталады.

Кейінгі кезде жүйеге көңілі толмайтындар жиіледі. Бірі МӘМС қаржысына дұрыс ем-дом жасай алмаймыз десе, енді бірі тіпті қолданып көрмегенін айтады.

Енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енген азаматтар, өздері төлеп отырған ай сайынғы жарнаның қайда және қалай жұмсалып отырғанын бақылай алады.

Ол үшін біріңғай жүйе қалыптастырылмақ. Яғни, қордың жұмысы цифрландырылады. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі айтты. Ақмарал Әлназарованың сөзінше, қазір аталған бағытта қызу жұмыс жүріп жатыр. Бұған дейін дәрігер жетіспеушілігі, тегін дәрі-дәрмек тапшылығы, кейбір диагностикалық аппараттардың жоқтығы мен жүйе жайлы ақпараттың аздығына байланысты министрлік пен МӘМС-тің жұмыс сынға қалған еді. 

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Ақпараттандыру жүйесіне байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Енді осы жылдың аяғына дейін бірыңғай ақпараттандыру жүйесінің мемлекеттік базасын қалыптастырамыз. Жылдың аяғына дейін интеграция мәселесі және бірыңғай жүйені қалыптастыру жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. 

Сондай-ақ, 2027 жылға қарай алғашқы медициналық-санитарлық көмек те міндетті әлеуметтік сақтандыру пакетіне біріктіріледі. Бұл дегеніміз - ауруханалар тек МӘМС бойынша қызмет көрсетпек. Ал халықтың әлуеметтік осал топтары жергілікті билік тарапынан сақтандырылады.

Парламент Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов Медициналық әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қазіргі моделін сынап тастады.

Депутат МӘМС жүйесін түбі тесілген қайықпен салыстырды.

«Сөзімді салыстырмалы аллегориядан бастасам деймін. Өзенде жүзіп келе жатқан қайықты елестетіңіздер.  Қайықтың түбі тесіліп, оған су жинала береді. Су тоқтар емес, ал қайықшы бұл тесікті жамаудың орнына қолына шелек алып, суды сыртқа төгумен әлек. Әрине, бұдан ештеңе өзгермейді. Су әрі қарай жинала береді, қайық бата береді. Мінә, дәл осындай жағдай қазір МӘМС жүйесінде орын алып отыр. Мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына тек салдарымен күрес жүріп жатыр. Жүйелі рефомалар орнына уақытша шаралар қабылданып жатыр. Бастысы –  стратегиялық көзқарас жетіспейді», - дейді Аймағамбетов Мәжілісте өткен үкімет сағатында.

Оның айтуынша, МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеп отыр. Осы орайда мәжілісмен бірнеше мысал келтірді.

«МӘМС бойынша бес айлық сәбидің тісін қанқұрттан емдеген екен. Бес айында әлі тісі шықпаған баланың тісін қалай қанқұрттан емдеуге болады?! Бұдан да сорақы жағдай, басқа бір адамның 82 тісі емделген екен, соған қаражат төлесін деп қорға тиісті есеп берген. Тағы бір кейс: бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету  мен қосып жазуға итермелейді. Себебі қазір қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен тиісті стандарттар бұлыңғыр, ашық емес», - деп мәлімдеді ол.

Сондай-ақ, депутат Нартай Аралбайұлы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға МӘМС жүйесін уақытша тоқтата тұруға, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметкерлерінің жалақысына қатысты сұрақ қойды.

«МӘМС-тің жұмыс істеп жатқанына 6 жыл болды. Не тіркеу тоқтаған жоқ. Оның ішінде марқұмдарды да тіркеп жіберді. 3-4 айлық балалардың да тісін емдедік деп қор ақша алып отырғанын көріп отырмыз. Былтыр Президент тапсырған медициналық көмектің бірыңғай топтамасы да жасалған жоқ. Оған қоса Мемлекет басшысы айтқан “жергілікті билік өкілдері, әкімдіктер әлеуметтік осал топтардың кейбірінің медициналық сақтандыруын жергілікті бюджеттен төлесін” бастамасы да жүзеге асқан жоқ. Осы МӘМС-ті жасау арқылы халықты сынақ алаңына салып жіберген сияқтымыз. Бұрынғы жүйе де, қазіргі жұмыс де істеп тұрған жоқ. Халық қайда барып, ем аларын білмейді», - деді депутат.

Нартай Аралбайұлы өзінің ұсынысын жасады.

«Онсыз да басы қатып жүрген халықтың басын қатырмай, егер мүмкіндік болса, осы жүйені жүйелеп, нақты 100% дұрыс жұмыс істейтін деңгейге жеткенше, неге МӘМС жүйесін тоқтата тұрмасқа?! Өйткені елімізде 20 млн адам бар. Оның 3,5 млн-ы тіркелмеген, ал 14 млн адамның медициналық шығындарын мемлекет көтереді. Сонда сақтандыру жарнасын төлеп отырған 2 млн ғана адам қалады. МӘМС-ті бір жүйеге келтірсек, оны басқаша емдеудің жолын табармыз», - деп айтты депутат.

Сондай-ақ депутат облыс әкімдіктерінен қанша медициналық нысандар салынғанын сұрады.

Еліміз бойынша МӘМС жүйесінде 1000 азамат жұмыс істейді. Олардың бір жылдық жалақы қоры 11 млрд теңге.

Сіздің елге, халыққа осынша қолайсыздық тудырып жатқан жүйенің қызметкерлері үшін бұл өте көп ақша емес пе?! Осы ақпаратты растай аласыз ба? – деп сұрады Мәжіліс депутаты.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС жаңа жүйе болғандықтан кемшіліктері бар екенін жасырмады. Ол бұл кемшіліктерді депутаттармен бірге жоятынына сенімді екенін қоса кетті.

«Министрлік бүгінде тиісті жұмыстарды бастап кетті. Жүйе қолдауды және ары қарай жетілдіруді қажет етеді. Екінші мәселе ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы биыл өзінің жалғасын тапты. Былтыр 99 нысан салынса, биыл 361 нысан салынып, іске қосылды. 2025 жылы қосымша 195 объект салынады. Сондай-ақ 32 ауданаралық ауруханалардың жетеуінің қосымша құрылыстары мен күрделі жөндеулері былытр басталып, биыл жалғасын табады. Оған 3,8 млрд теңге бағытталды. 10 аурухананың жобалық-сметалық құжат жеттік өтінім әзірленді. Қазір 7 жобалық-сметалық құжат жоспарлау сатысында тұр», - деп айтты ол.

Әлназарованың айтуынша, инвестициялық қызметтерді МӘМС жүйесі жүргізіп отырады. Бұл түскен барлық жарнапұлдардан, жұмыс берушілер мен жұмысшылардан 1,18 пайызын құрайды. Бұл қосымша барлық МӘМС жүйесіндегі қызметтердің атқарылуының жұмыстарына жұмсалады. 

2024 жылдың қорытындысы бойынша 17 млрд теңгеге жуық қаражат болды. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бұл жұмысты қайта қарап, 1,5 млрд теңгеге бұл соманы азайттық. Негізі бұл мәселе бақылауда. Биыл автоматизация жүйесі іске қосылса, тиісті қосымша шаралар қабылданады.

17 млрд теңгенің ішіне барлығы кіреді. Жалақыны төлеу қоры 11 млрд теңге болса, қалған шығындар 20 филиал мен орталық филиалдың барлығын ұстап тұруға кетеді. 2024 жылдың қорытындысымен 15,5 млрд теңге көлемінде қаражат шығындарға жұмсалды, - деп түсіндірді министр Мәжілісте.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 2
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары