БАҚ таратқан ақпарат шындыққа жанаспайды.
Желіде 28 қаңтарда Атырауда шенеуніктер төбелесіп, біреуі комаға түскені туралы ақпарат тараған еді. Енді осы оқиғаға қатысты ҚР Қаржы мониторинг агенттігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Таяуда желіде Атыраудағы Beer house villa ойын-сауық орнында прокуратура қызметкері Асқар Жанысбаев пен мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айдын Сауданбеков, оның орынбасары Әліби Бағытжанов арасында төбелес болғаны туралы ақпарат тараған.
Бұл ретте, Қаржы мониторингі агенттігі Атыраудағы шенеуніктер төбелесіне ведомство қызметкерлерінің қатысы бар деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасарына қатысты оқиға туралы БАҚ таратқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Оқиға болған жерде Атырау облысы бойынша ЭТТД-нің бірде-бір қызметкері болмаған. ҚМА қызметкерлерінің бұл оқиғаға ешқандай қатысы жоқ екенін хабарлаймыз», - делінген хабарламада.
Агенттік азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.