05.02.2025, 00:30

«Сыйлығы жоқ»: Дипломат күйеуінен қорлық көрген Карина Мамаштың қазіргі жағдайы қалай? (ВИДЕО)

Фото: Spletnik

Жаңа жыл болды, ол тіпті, балаларды Жаңа жылымен құттықтаған жоқ.

«Дипломат күйеуімнен қорлық көрдім» деген Карина Мамаш қазіргі тұрмыс-тіршілігі туралы баяндады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бұл туралы ол «Ертысбаев Live» ютуб каналына берген сұхбаты барысында егжей-тегжейлі айтты.

Оның айтуынша, экс-күйеуімен ажырасқанына жарты жылдай уақыт өткен.

Бағдарлама жүргізушісі одан «Бұрынғы жұбайыңыз сізбен және балаларымен татуласуға тырысты ма?» деп сұрады.

«Тек қағаз жүзінде, әрине, татуласқысы келеді. Бірақ іс жүзінде, оның тарапынан ешқандай әрекет көріп тұрған жоқпын. Егер адам қаласа, оның татуласуға әрқашан мүмкіндігі бар. Мысалы, дағдарыс орталығындағы кеңсе арқылы балаларға қандай да бір сыйлық беріп жіберсе болатын еді ғой. Жаңа жыл болды, ол тіпті, балаларды Жаңа жылымен құттықтаған жоқ. Кеше ғана біз онымен дағдарыс орталығында кездестік. Ол құрқол келді. Сыйлығы жоқ», - деді жәбірленуші әйел.

Сонымен қатар ол, қазіргі басты мақсатын анық айтты.

«Қазіргі кездегі басты мақсатым – ұлыма ота жасауға қажетті қаражатты жинау. Қазір Кореяда операция жасатуға шамам жоқ. Егер Қазақстанда осы отаны жасай алатын мамандар болса, жақсы болар еді. Бұрынғы күйеуім операция жасатуға қарсы болды. Оның ақшалай көмектесуге мүмкіндігі болды. Енді мүлдем көмектеспейтіні белгілі ғой. Бүгінде балаларым дағдарыс орталығынан шаршады, өйткені онда кішкентай сәбилер де бар. Сол себепті маған көмек қолын созған қорғаушымның үйін паналап отырмын. Қазір біздің арамызда мүлік бөлу процесі жүруде», – деді Карина Мамаш.