06.02.2025, 00:30

600 млн теңге бөлінген: Ақтөбеде жөнделіп жатқан жол аяқталмай жатып жарамсыз болып қалды

Фото: Сыр бойы

Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғанға дейін 4 шақырым жол жарамсыз болып қалды. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысындағы жол құрылысы барысында елеулі кемшіліктер анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Агенттіктің мәліметінше, 2024 жылы облыстағы "Мәртөк – Дмитриевка – Байторысай – Полтавка" жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізу үшін бюджеттен шамамен 600 млн теңге бөлінген. 

“Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғанға дейін 4 шақырым жол жарамсыз болып қалды. Жобада айналма жол қарастырылмағаны анықталды. Нәтижесінде мердігер инертті материалды жаңа жол жамылғысы арқылы тасымалдаған. Сонымен қатар келісімшарт жасасу кезінде мердігер үшін 2 жылдық кепілдік міндеттемелердің орнына бір жыл ғана белгіленген”, – делінген хабарламада. 

Агенттік талдау қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының әкімдігі орташа жөндеудің кепілдік мерзімін қайта қарағанын, ал жарамсыз деп танылған жолды қалпына келтіру мәселесі бойынша мердігерге қатысты талап арыз берілгенін мәлімдеді.