06.02.2025, 11:40

«Әр оқушыдан 1,5 млн теңгеден алған»: Ақтауда жекеменшік лицейде шу шықты

Фото: Pixabay

Оқушылар екі айдан бері дұрыс сабақ оқымаған. Оның үстіне, оқу жылының ортасында мемлекеттік мектептер де оларды қабылдаудан бас тартуда.

Ақтаудағы «Ғасыр» лицейінде даулы жағдай туындады – жалақысын ала алмаған 25 мұғалім жұмыстан шығып, оқушылардың көбі мектептен кеткен, деп Sкifnews.kz ақпарат порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұстазсыз қалған білім ошағы ата-аналардың ашуына тиді. Себебі, оқу орны басында ҰБТ-ға дайындап, шет тілін тереңдетіп оқытамыз деп сендіріп, әр оқушыдан 1,5 миллион теңге алған. Бірақ мұғалімдер кетіп қалған соң, білім де, тіл үйрену мүмкіндігі де тоқтап, ата-аналар ақшасын қайтаруды талап етеді.

«Ғасыр» лицейінде бес айдан бері жалақысын алмаған мұғалімдер ақыры жұмыстан шығуға мәжбүр болды. Ал балаларын «сапалы білім алсын» деп жекеменшік мектепке берген ата-аналар ақшасын қайтара алмай жүр. Олардың айтуынша, мектеп басшылығы жалақыны уақытында төлемегені аздай, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналарын да аудармаған.

«Қараша айынан бастап мұғалімдердің жалақы ала алмай жүргенін ести бастадық. Қызым да сыныптағы балалардың кетіп жатқанын айтты. Бастапқыда бәрі ҰБТ-ға дайындалуға келген еді. Біз үшін ағылшын тілі маңызды болды, сондықтан күтіп көрдік. Бірақ кейін "фаундейшн" сабағына да бара алмайтынын айтты – себебі мұғалім жоқ», – деді ата-аналардың бірі Айнұр Сейдахметова.

Осылайша, бастапқыда уәде етілген сапалы білім орнына оқушылар екі айдан бері дұрыс сабақ оқымаған. Оның үстіне, оқу жылының ортасында мемлекеттік мектептер де оларды қабылдаудан бас тартуда.

«Қыркүйектен бері бізге ешқандай ақша аударылған жоқ, бірақ ата-аналарға мектеп әкімшілігі мұғалімдерге жалақы беріліп жатыр деп айтқан. Қазір мектепте 20 шақты ғана мұғалім қалды, оның ішінде дипломы жоқтар да бар. Бұл жерде ешқандай білім беріліп жатқан жоқ», - деді мектептен кеткен 25 ұстаздың бірі, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Наз Шафик.

Оның айтуынша, жалақы уақтылы түспегендіктен, медициналық сақтандыру жарналары да аударылмай, ұстаздар емханадан тегін ем ала алмай жүр.

«Ғасыр» лицейінің негізін қалаушы Якуб Халықбердиев ата-аналарды сабырға шақырып, жағдай реттелетінін айтты:

«Мен барлық ата-анамен сөйлестім. Бір апта ішінде мәселені шешеміз. Біз Алматыдан басқа мұғалімдерді шақыртып жатырмыз. Дүйсенбіден бастап сабақтар қайта жалғасады. Біздің лицензиямыз бар, барлық салық төленген, мектеп заң аясында жұмыс істейді», – деді ол.

Ақтау қаласының білім бөлімі лицейдегі жағдайға байланысты тексеріс басталғанын хабарлады. Олар заң аясында тиісті органдармен бірлесіп тексеру жүргізетінін мәлімдеді.

«Оқушылар мемлекеттік мектептерге қабылданады, ал жұмыссыз қалған мұғалімдерге бос орындар ұсынылады», – деді білім басқармасының өкілдері.