Бәрі уақыттың еншісінде
Қазақ қоғамында дін жолына түсіп, әсіре діншілдікке жол бергендер арасында қазақтың біртуар айтыскер ақындары да бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы caravan.kz-ке сілтеме жасап.
Айнұр Тұрсынбаева
Қазақ айтыс өнерінде өзіндік қолтаңба қалдырып, жас кезінен өзінің орамды ойы, өткір өлеңдерімен көрерменнің көзайымына айналған айтыскер ақын қыздардың бірі — Айнұр Тұрсынбаева. 1977 ж.туған, Абай облысы, Ақсуат ауданы, Көкжыра ауылында дүниеге келген ол, жастайынан суырып салма өнерімен көзге түскен. Шығыстың айтыскер қызы айтыс өнерінде 1991 жылы Қайрат Рысқұлбековке арналған облысаралық ақындар сайысында көзге түседі.
Кейін ол Ұлы Абай рухына арналған мектеп оқушыларының айтысында бас жүлдесін алса, Абайдың 150 жылдық мерейтойында өткен республикалық ақындар айтысында 7 орынды иеленеді. Сол сияқты Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысында 2-орынды иеленді.
Осылайша, жыл санап қазақтың жұмсақ, қоңыр үнді суырыпсалма қызы айтыс өнерінің беткеұстарына айналып, жыл сайын жыр мүшәйларында бас жүлдені алып жүрді.
Қазіргі таңда Айнұр Тұрсынбаева орамалға келіп, көптің алдына хиджабпен шығып жүр. Көпшілік оны «домбырасын ұстап, айтысын тастамай жүру керек еді» деп сынағамен, айтыскердің өзі бұл жолға дәл қазір қайтып келмейтінге ұқсайды. Бүгінде ол көпке «Нойс» есімімен танылған Нұржан Иманәлиев пен отау құрып, Стамбулда тұрып жатыр.
Балғынбек Имашев
Қазақ айтыс өнерінің жарық жұлдыздарының бірі — Балғынбек Имашев та кейінгі жылдары сақал жіберіп, дін қуалап кеткен еді. Қазіргі таңда айтыскер ақын айтысқа қатысып жүргенімен, халыққа уағыз айтушы, діндар адам ретінде танымал болып келеді.
Instagram желісінде 170 мыңнан астам оқырманы бар айтыскер ақынның мешітке жиі баратынын да аңғаруға болады. Халықтың дені оның қай мазхабта жүргенінен байхебар.
Мұхамеджан Тазабек
Қазақ қоғамына қайраткер әрі қоғам белсендісі ретінде танылған Мұхамеджан Тазабек те бір жылдары атағы жер жарып тұрған айтыскер ақын еді. 1975 жылы 3 шілдеде Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Шахан ауылында дүниеге келген ол қазақтың төл өнері айтыста 1987 жылдан бастап өнер көрсете бастаған.
Кей жылдары Мұхамеджан Тазабек, тіпті, өзі тәлім алған Қазақ ұлттық университетінің ақындар мектебінің басшысы қызметін де атқарған. 2009 жылдан бастап ол еліміздегі «Асыл арна» телеарнасының бас директоры лауазымында болды.
Қазіргі күні Мұхамеджан Тазабек өзге де айтыскерлер сынды суырыпсалма ақындық өнерден қол үзіп қалған. Бүгінде ол жеке, ақылы курстар ашып, халық алдында өзін коуч ретінде таныстырып жүр.
Сара Тоқтамысова
Айтыс өнерінен алыс кетпесе де, образын түбегейлі өзгертіп, орамалға оранған ақын қыздардың тағы бірі — семейлік Сара Тоқтамысова. Бастапқыда көрермен қауымға қазақтың ұлттық киімдерімен сахнаға шығып, өнер көрсетіп жүрген ол, кейіннен бес уақыт намазға келіп, сәнді сәукелені орамалға алмастырды.
Қазіргі таңда Сара Тоқтамысова өзінің ұлттық киімдер шығаратын бренді бар кәсіпкер. Сонымен бірге ол елге көптеген қайырымдылық шаралары арқылы да танылып жүр.