Жұмысқа келгеніммен, мұнда қаламын деп ойламадым.
24 жастағы тараздық Зарема Тұрсынова Америкада тұрады. Ол АҚШ-қа 2021 жылы Au Pair бағдарламасы арқылы бала күтуші болып барған. Ал қазір Зарема америкалық қайын атасымен бірге бешбармақ жасап, қазақ мәдениетін таныстырып жүр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Зарема америкалық жігіті Бреттпен 2023 жылдың басында онлайн танысқан. Кейін жүзбе-жүз кездесіп, жақсы араластық дейді. Бірақ сол кезде тараздық қыз елге қайтамын деп жүрген екен. Дегенмен Бретт Заремадан қалуын сұрапты.
"Нью-Йоркта кездесіп жүрдік, қазір Лос анджелесте бірге тұрамыз. Бала кезімде "шетелдікке тұрмысқа шығамын" деп айтып өскеніммен, ойымда мұндай нәрсе мүлдем болмапты. Әлеуметтік желіге осындағы адамдармен танысып, сөйлесу үшін қосылған едім, жігіттермен танысамын деген ойым болмады. Үш ай бұрын ғана мен Қазақстанға қайтамын деп шешім қабылдап, ұшақ билетіне ақша жинап жүргем. Ол да басында кетем дегенде мені ұстаған жоқ. Кейін жақындағанда қалшы деп өтінді, сонымен мен қалып қалдым", – дейді тараздық қыз.
Зарема ата-енесін "әлемдегі ең күшті жандар шығар" деп сипаттады. Әкесі де, анасы да бірінші көрген кезден бастап мені өз отбасыларына өте жақсы қабылдады деп бөлісті. Ол жаңа жылда қайын атасымен бірге өмірінде бірінші рет бешбармақ жасағанын айтып берді.
"Әкесі жаңа жыл кезінде интернеттен қазақтың ең негізгі ұлттық тағамы қайсы деп іздеп, оның жасалу жолын тауып алыпты. Кейін дүкеннен жылқының етін іздеген, бірақ таппапты. АҚШ-та жылқының етін сату заңсыз, жылқыны союға тыйым салынған. Ет сататын адамнан "Маған қазы істеп беріңізші" деп сұрапты. Ол кісі қолынан келгенінше құрастырып, қазы сияқты жасап беріпті. Қасына сиырдың етін сатып алды, сосын оны маған мәз болып көрсетті. Мен қатты қуандым және бұл жүрегімді тебіренткен сәт болды. Жылағым келді. Жігітімнің әкесі соны ерінбей интернеттен іздеп, дүкеннен сұрап, оны маған жаңа жылға тосынсый деп әкелген шын ниетіне риза болдым. Сосын мен бешбармақты бірге жасайық, пастаның дайын қамырын сатып ала салайық дедім. Ол өзіміз жасайық деді. Сонымен мен өмірімде бірінші рет бешбармақты қайын атаммен бірге жасадым. Ол етті қайнатты, мен қарап жүрдім. Ал нанды бірге жайдық, қасымда көмектесіп жүрді. Ал Бретт сол кезде оливье салатын жасады", – деді ол.