$ 502.47  525.83  5.68

«Жұбайы келіп ел-жұртымен көрісті»: Алматыда Мұхтар Мағауиннің қырық күндік асы берілді

Зулаған уақыт… Аңыз адам Мұхтар Мағауиннің өмірден өткеніне де 40 күн болды.

Фото: magauin.com
Фото: magauin.com

Алматыда белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің қырық күндік асы берілді. Әдебиет қайраткерінің рухына бағышталған асқа оның замандастары, әріптестері, журналистер мен жазушылар келген, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

АҚШ-та жерленген жазушының қырқын әулеті Алматыға беруді ұйғарған. Бұл туралы белгілі журналист Жанар Байсеміз Instagram-дағы парақшасында жазды.

«Зулаған уақыт… Аңыз адам Мұхтар Мағауиннің өмірден өткеніне де 40 күн болды. Мағауиндер әулеті Алматыда жазушының қырқын берді. АҚШ-тан Мұхтар Мағауиннің жұбайы Бақытжамал апамыз келіп, ел-жұртымен көрісті. Адамда арман таусылған ба?! Жазушы өмірінің соңғы сәттерінде «кіші немеремнің алты-жетіге толған шағында кетсем, мәңгілік есінде қалар едім», — депті. Ұлы жазушының рухы пейіште шалқысын. Мағауин өлген жоқ. Мағауиннің екінші ғұмыры басталды. Мағауин қалдырған мол мұра мәңгілікке мәңгілік!», — деп жазды ол.

Еске салсақ, 2025 жылғы 10 қаңтарда әйгілі қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасына қараған шағында дүниеден озды. Қаралы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин Facebook желісінде жеткізді. Оның сөзінше, қаламгер АҚШ-та қайтыс болған.

«Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)», — делінген жазбада.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 16
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары