Өзімен бірге пышақ алып барып, кішкентай баланың бетін тілгілеп, содан кейін қашып кету – қылмысқа саналы түрде дайындалған адамның ісі.
Астанада болған жантүршігерлік оқиға көпті дүр сілкіндіргені жасырын емес. 14 жастағы жасөспірім көпқабатты үйдің лифтінде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасап, бетін тілгілеп тастады. Бұл оқиға қоғамда балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығына қатысты алаңдаушылықты күшейтіп жіберді. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы жасөспірімдер шизофрениясына не түрткі болатынын анықтау мақсатында мамандардың пікірін білді.
Қылмыс жасауға не себеп?
Полиция департаментінің хабарлауынша, жасөспірім психоневрологиялық диспансерде «шизофрениямен ауырады» деп есепте тұрған. Демек бұл жайт оның бұрын да психикалық мәселелері болғанын аңғартады. Ал психолог маман оқиғаның себебін терең зерттеу қажет екенін айтады.
Психолог Назигүл Темірғалиева жасөспірімдік кезеңнің күрделі өтетінін айтады. Оның пікірінше, бұл жаста гормоналды әрі эмоционалды өзгерістер болады. Бірақ ол қылмыс жасауға себеп емес.
Қылмысқа саналы түрде дайындалған...
– Негізінен бұл кезеңде бұрынғы қалыптасқан құрылымдар бұзылып, жаңа құрылымдар қалыптасады. Адам өз «Менін» құруға тырысады. Осы кезде жасөспірімдер өз мінезін көрсетіп, өздерінің жеке шекарасын қорғауға немесе агрессиясын шығаруға бейім келеді. Алайда дәл осы оқиға жай ғана жасөспірімдік бүлікке (пубертатты кезеңдегі мінез-құлықтың көрінісіне) жатпайды. Өзімен бірге пышақ алып барып, кішкентай баланың бетін тілгілеп, содан кейін қашып кету – қылмысқа саналы түрде дайындалған адамның ісі. Егер бұл әрекет алдын ала жоспарланған болса, оны жасөспірімдік мінез-құлықтың көрінісі деп қарастыруға болмайды. Бұл – ауыр құқықбұзушылық және нағыз психикалық ауытқушылық белгісі, – дейді белгілі психолог Назигүл Аблахатқызы.
Маманның айтуынша, жасөспірімнің мұндай әрекетке баруына бірнеше фактор ықпал етуі мүмкін. Олар: отбасындағы немесе мектептегі зорлық-зомбылық; қатарластары тарапынан қысым немесе буллинг; агрессивті компьютерлік ойындарға деген әуестік; эмоционалды тұрақсыздық.
Сонымен қатар психолог агрессор баланың қай ортада, қандай жағдайда өскеніне де мән беру қажет екенін айтады.
«Өзі де кезінде таяқ жеуі мүмкін»
– Мүмкін, бұл бала өзі де физикалық немесе психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшыраған болар. Оны ұрып-соққан, пышақпен қорқытқан немесе шеттеткен жағдайлар болған шығар. Өзі де кезінде таяқ жеуі мүмкін. Туысқандары мен құрдастарының арасында қорлық көріп, өзін әлсіз сезінген болуы да мүмкін. Осындай факторлардың жиынтығы оның бұрыс, деструктивті әрекетке баруына ықпал еткен, – деп топшылайды психолог Назигүл ханым.
Психикалық ауытқушылық һәм балалар шизофрениямен ауыра ма?
Астана қалалық психикалық денсаулық орталығының мәліметінше, 14 жастағы бала шынымен шизофрениямен ауырады екен. Аталған орталықта директордың орынбасары болып жұмыс істейтін білікті маман, психиатр Алмагүл Айтжанова шизофрения секілді психикалық аурулардың алғашқы белгілері 10-14 жас аралығында байқалатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ауруға шалдыққан балаларда галлюцинация, агрессия, ұйқының бұзылуы сияқты белгілер көрінуі мүмкін. Бірақ жасөспірімнің психикалық жағдайын нақты анықтау үшін медициналық сараптама қажет.
«Шизофрения – мұрагерлік жолмен берілетін ауру»
– Шизофрения дегеніміз – жастық шақта пайда болатын созылмалы психикалық эндогенді прогредиентті, этиологиясы жағынан анықталмаған ауру. Шизофрениясы бар балада әдеттегі әрекеттер мен оқиғаларға артық эмоция шығару, тітіркену байқалады. Сосын ашық қарсылықтар пайда болады. Бұл аурудың тағы бір белгісі – ұйқының бұзылуы. Ауру қозу, агрессия, көңіл-күйдің өзгеруі және қатты теріс көзқарас арқылы байқалады. Аурудың алғашқы клиникалық маңызы бар белгілері әдетте 10-14 жас аралығында пайда болады. Көбіне балаларда, балалар шизофрениясымен ауыратын ауру 11 жасқа дейін басталған жағдайда, әсіресе есту галлюцинациялары байқалады (аурудың 80%-ы осындай жағдайларда кездеседі). Шизофренияның нақты белгілі бір себебі жоқ. Бірақ бұл мұрагерлік ауру болып саналады. Қоршаған орта факторларының бірнешеуі, соның ішінде перинаталдық асқынулар мен пренаталдық аналық инфекциялар шизофренияға себеп болуы мүмкін. Бұл факторлар шизофренияның ертерек басталуына жиі ықпал етеді. Сонымен қатар генетикалық бейімділік маңызды фактор болуы мүмкін. Балалар шизофрениясымен ауыратын адамдарда отбасылық психикалық аурулар туралы хабарланған, – дейді психиатр Алмагүл Таукенқызы.
Батыс мысалы: «басты мақсат – баланы қоғамға бейімдеу»
Жалпы әлемде кәмелетке толмағандардың дәл осы психикалық ауытқудан болатын қылмыстық әрекетіне әртүрлі тәсілмен қарайды. Соның ішінде «Батыс елдерін» сөз етейік. Мысалы, АҚШ-та мұндай істер көбіне ювеналды сот арқылы қарастырылады. Оған қоса егер жасөспірімнің психикалық ауруы расталса, оны арнаулы медициналық мекемеге жіберуі мүмкін. Англияда психикалық ауытқуы бар кәмелетке толмаған қылмыскерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартпас бұрын олардың психологиялық жағдайы мұқият зерттеледі. Одан кейін барып, арнаулы оңалту орталықтарына жібереді. Германияда жасөспірімдерге қатысты қылмыстық істерді қарау кезінде олардың психологиялық жай-күйіне ерекше назар аударылады. Бәрінен бұрын бұл мемлекеттерде ең басты мақсат – баланы түзеу, әлеуметтік ортаға қайта бейімдеу. Осы тәжірибелердің өзі дамыған елдерде басты назар жазалауға емес, оңалту мен психологиялық көмекке бағытталатынын байқатады.
Балалар шизофрениясы дегеніміз не?
Балалар шизофрениясы – күрделі және зерттеліп жатқан психиатриялық аурулардың бірі. Бұл ауруды диагностикалау мен емдеудің қиындықтары, сондай-ақ оның балаларда ерекше көрінуі көптеген зерттеуші мен кәсіби маман арасында пікірталас тудырып отыр. Әрине, қазіргі заманғы психиатрия мен психология балалар шизофрениясын түсінуге, оны тиімді түрде емдеуге мүмкіндік беретін жаңа әдістер мен тәсілдерді дамытуды жалғастырып жатыр. Балалар шизофрениясын ерте диагностикалау мен тиімді емдеу осы аурумен ауыратын балалардың өмір сапасын айтарлықтай жақсарта алады.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, аталған психикалық ауытқу әлемде 0,1-0,175% балалар арасында кездеседі. Дегенмен оның диагностикасы мен емдеуінде әлі де біп-бірдей пікір қалыптаспаған. Шизофренияның клиникалық белгілері балаларда ересектерге қарағанда ерекшеленетіндіктен, оның диагнозын анықтау өте қиын.
Балалар шизофрениясы: кәсіби мамандар не деген?
Балалар шизофрениясы туралы түсінік бірнеше жылдан бері дамып келеді. Кейбір мамандар бұл ауруды ішкі «утробалық» (жүкті кезіндегі) даму ақауларымен байланыстырады. Мұндай пікірді жақтайтындар арасында американдық белгілі балалар психиатры Лауретта Бендер сынды ғалымдар да бар. Ол кезінде балалар шизофрениясын энцефалопатия ретінде қарастырған, яғни, бұл аурудың түпкі негізі эмбриондық даму кезеңінде пайда болған бұзылулар деп санаған. Ғалымның тұжырымдамасына сенсек, аурудың дамуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – тұқым қуалаушылық. Л. Бендер балалар шизофрениясын тұқым қуалайтын биологиялық жетіспеушіліктің нәтижесі деп сипаттайды.
Балалар шизофрениясының белгілері көбіне жүйке жүйесінің интеграциялық механизмінің дамуына кедергі келтіреді. Ал ресейлік атақты психиатр Груня Сухарева сынды мамандар балалар шизофрениясының 3-4 жас аралығында басталатын айтқан. Оның ғылыми пікірінше, бұл ауру балалардың психикалық дамуында қалыпты физиологиялық процестерге қарсыласу, дәлірек айтсақ, организмнің физиологиялық қорғаныс механизмдерінің бұзылуы ретінде көрінеді.
Диагностикадағы қиындық: «симптомы басқа ауруларға ұқсас»
Балалар шизофрениясы туралы сұрақтар тек қана оның симптомдары мен емделу тәсілдерімен ғана шектелмейді. Сонымен қатар аурудың дамуына ықпал ететін физиологиялық және психологиялық факторларды да қамтиды. Мысалы, жас ерекшеліктері бұл аурудың клиникалық көрінісіне ықпал етеді. Психиатр Г. Сухарева жүргізген зерттеуге сүйенсек, балалардың миы әлі толық қалыптаспағандықтан, шизофренияға тән симптомдар басқа аурулардың белгілерімен ұқсас болады. Мұндай жағдай балалардың психикалық дамуында күрделі өзгерістерге әкелуі мүмкін. Ал балалар шизофрениясы диагнозын ерте анықтағанда, аурудың алдын алу және оның ұзақмерзімді әсерін жеңілдету мүмкіндігі артады. Көптеген маман ауруды 2-4 жас аралығында диагностикалауды ұсынады. Себебі дәл осы кезеңде аурудың алғашқы белгілері көріне бастайды.
Қазақ қоғамы не ескеруі керек?
Жақында ғана болған Астанадағы оқиға балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығына көбірек көңіл бөлу керегін көрсетіп отыр. Себебі психикалық ауытқуы бар балаларды дер кезінде бақылап, оларға медициналық және психологиялық көмек көрсету аса маңызды. Әрине, астаналық тұрғындар үйлерінің ортақ чатында бұл мәселені де талқылап, қауіпсіздікті күшейту қажет екенін айтып жатыр. Бірақ мәселенің түп тамыры тек «қауіпсіздікке» тірелмейді. Қазақ қоғамы алдымен, осыны ескеруі қажет. Сонымен қатар ата-аналар мен мектеп ұжымы баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге мән беруге тиіс. Құқық қорғау органдары да бұл істі жан-жақты тексеріп, жасөспірімнің отбасылық және әлеуметтік ортасын зерттеуі қажет. Сарапшылардың пікірінен кейін түйген ойымыз сол, мұндай қайғылы оқиғалардың қайталанбауы үшін кешенді алдын алу шаралары қолға алынуы керек деп ойлаймыз.
Мұратхан Еркін