Ол "Черный двор", "Слово пацана", "Бригада" және тағы осыған ұқсас фильмдер жасөспірімдердің психоэмоционалдық күйіне теріс әсер ететінін атап өткен.
Қазақстандық кинорежиссер Ақан Сатаевтың "Рэкетир: новые времена" фильмі Қырғызстанда прокаттан алынды. Фильмнің прокаттан алынғаны туралы ақпарат қырғызстандық "Синематика" кинотеатрлар желісінің Instagram-дағы парақшасында пайда болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы nur.kz-ке сілтеп.
"Көрермендерге қаражатын қайтарып алу үшін кинотеатрлардың әкімшілігіне жүгінуді сұраймыз", - делінген хабарламада.
Кейінірек компания жергілікті Kaktus.media басылымына фильмнің көрсетілмейтінін, себебі оның прокат куәлігін қайтарып алғанын айтқан. Мұндай шешімді мемлекеттік "Кыргыз тасмасы" концерні қабылдаған.
"Мұндай шешімінің себебін "Кыргыз тасмасынан" сұрау керек. Біз тек олардың талабын орындап отырмыз. Егер біз көрсететін болсақ, айыппұл төлейміз. Алдағы күндері сатып алынған билеттердің ақшасын қайтарумен айналысамыз. Клинет өте көп. Иә, фильм бүгін прокатқа шығуы керек еді (20 ақпан – ред. ескертпесі), бірақ біз сейсенбі күні алдын ала сатылымды бастап кеттік. Сеанстарға билетті бір апта бұрын алуға мүмкіндік болды. Көпшілік демалыс күндері белсенді түрде билетті сатып алды", - дейді "Синематика" өкілдері.
Сондай-ақ басылымның жазуынша, бұған дейін депутат Бактыбек Марипов Жогорку Кенештің құқықтық тәртіп комитетінің отырысында Қырғызстанда бандиттік идеологияны насихаттайтын фильмдердің көрсетілуіне тыйым салуды ұсынған. Ол "Черный двор", "Слово пацана", "Бригада" және тағы осыған ұқсас фильмдер жасөспірімдердің психоэмоционалдық күйіне теріс әсер ететінін атап өткен.
Ал фильмнің Instagram-дағы ресми парақшасында "Рэкетир: Новые времена" фильмі Қазақстанда прокатқа шыққан алғашқы төрт күнде 600 миллион теңгедей жинап, қазақстандық кино саласында рекорд орнатқаны айтылған. Сондай-ақ фильмнің желідегі парақшасында фильмнің алдын ала көрсетілімі оған түскен актерлердің қатысуымен Мәскеу, Ташкент және Бішеке қалаларында өткені айтылған.
Айта кетейік, "Рэкетир: Новые времена" фильмі – Ақан Сатаевтың әйгілі "Рэкетир" фильмінің жалғасы. Криминалдық драманың бірінші, екінші бөлімдері 2007 және 2015 жылдары шықты.