Мемлекет соңғы жылдары цифрлық экономикаға көбірек назар аударып отыр, сондықтан мұндай бақылаулардың күшеюі – заңды үдеріс.
Қазақстанда блогерлердің 53,3 миллиард теңге табысын жасырды деген ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырды. Блогерлердің бір тобы ақпараттың шын екеніне күмәнданса, екінші топ ақталып әлек. Ең алғаш ақпарат әлеуметтік желі арқылы тарағанымен, кейіннен мемлекеттік БАҚ-тың өзі жаңалықты «сүйіншілей» бөлісті. Себебі мемлекеттік кірістер комитеті жүргізген тексеріс нәтижесінде, 594 блогердің салық міндеттемелерін орындамағаны анықталған. Қазір аталған жаңалық блогерлер арасында да, экономистер мен сарапшылар арасында да қызу пікірталас тудырып отыр. Skifnews.kz ақпарат порталы осы мәселенің мән-жайын анықтауға тырысты.
Салық мәселесі қайдан шықты?
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, камералдық бақылау барысында блогерлердің кірістерін дұрыс көрсетпегені анықталған. Оларға салық міндеттемелерін орындау үшін 30 күн уақыт берілді. Егер бұл мерзімде салық төленбесе, қатаң шаралар қолданылуы мүмкін.
Салық төлемегендер тізімі және олардың берешегі
Отандық БАҚ-та тараған мәліметке сүйенсек, салық төлемеген танымал тұлғалар қатарында біраз блогер бар. Олар:
- Бейбіт Әлібеков: 2,1 миллиард теңге
- Мадинахон Мамадалиева (Мадлен): 517,8 миллион теңге
- Мөлдір Есембек (Say Mo): 384,3 миллион теңге
- Жания Джуринская: 349,1 миллион теңге
- Айқын Төлепберген: 287 миллион теңге
- Баян Мақсатқызы: 272 миллион теңге
- Өркен Кенжебек: 215 миллион теңге
- Абылайхан Камаладин: 209,3 миллион теңге
- Болат Садраддин: 208,4 миллион теңге
- Ерке Есмахан: 198,6 миллион теңге
- Ләйлә Сұлтанқызы: 160 миллион теңге
- Сырымбек Тау: 114 миллион теңге
- Алтынай Жорабаева: 110 миллион теңге
Және осы тізім әрі қарай жалғаса береді.
Экономистер не дейді?
Экономист Мақсат Халық бұл жағдайдың блогерлік нарыққа ықпалын былайша түсіндіреді:
«Бұл шешім күтпеген жағдай емес. Себебі блогерлер де табыс табатын кәсіп иелері болғандықтан, олардың салық төлеуі заңды талап. Мемлекет соңғы жылдары цифрлық экономикаға көбірек назар аударып отыр, сондықтан мұндай бақылаулардың күшеюі – заңды үдеріс», – дейді ол.
Ал қаржы білгірі, экономист Бауыржан Ысқақов:
«Демек бұл қазіргі қоғамда осы саламен айналысып отырғандардың табысы жоғары екенін көрсетіп отыр. Жалпы салық кодексінде егер де ең төменгі жалақыдан 12 есе жоғары табыс табатын болса, олар міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Сондықтан олардың көбеюі және салық салатын базаның үлкеюі өте жақсы деп бағалаймын», – дейді.
Блогерлер не дейді?
Блогерлер бұл жағдайға әртүрлі көзқарас танытып отыр. Кейбірі салық төлеуге дайын екенін айтса, енді бір бөлігі есептеудің дұрыстығына күмәнмен қарайды.
Мәселен, белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау өзіне қатысты компаниялардың 10 миллиард теңгеден астам салық төлегенін айтып, 114 миллион теңге көлеміндегі берешек туралы ақпараттың түсініксіз екенін мәлімдеді. Ол бұл мәселені есепшілерімен бірге мұқият тексеретінін жеткізді.
Ал қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан салық органдарының оны блогерлер тізіміне енгізгеніне таңданысын білдіріп, өзінің барлық қаржы айналымының заңды екенін және жарнамалық табысқа қатысы жоқ екенін айтты.
Тележүргізуші Ләйла Сқлтанқызы соңғы 5-6 жылда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салықты уақытылы төлеп отырғанын, ал көрсетілген сома оның нақты табысына сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Ол салық органдарынан қайта тексеріс жүргізуді талап ететінін айтты.
Блогер Өркен Кенжебек өзіне қатысты 215 миллион теңге көлеміндегі салық берешегі туралы ақпаратқа таңданысын білдіріп, мұндай қаражаты болса, Қазақстанда жүрмейтінін әзілмен жеткізді.
Ал Әлішер Елікбаев болса, PR-кеңесші салық органдарынан 5 миллион теңге көлемінде қарыз туралы хабарлама алғанын айтып, бұл соманың қайдан шыққанын түсінбей отырғанын жеткізді. Ол барлық қаржы операциясын заңды түрде жүргізгенін және салықтарын уақытылы төлегенін мәлімдеді.
Жалпы ресми мәліметке сенсек, Мемлекеттік кірістер комитеті бұл шаралардың көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, блогерлер мен басқа да цифрлық контент жасаушылардың кірістері заң аясында реттелуі керек.
Блогерлердің 53,3 миллиард теңге салық дауы Қазақстанда цифрлық экономиканың дамуына жаңа өзгерістер әкелуі мүмкін. Бұл жағдай салық жүйесінің жетілдірілуін қажет етіп, блогерлердің заңды мәртебесін нақты анықтауға ықпал етуі мүмкін. Екі тарап та өз ұстанымдарын қорғап, ал қоғам бұл мәселенің қалай шешілетінін жіті қадағалап отыр.
Ержан Есімхановтың жазбасы
Ал белгілі блогер желіде желдей ескен ақпараттың шындыққа сай емес екенін айтып, өзі де салықтан жалтармайтынын мойындады. Сонымен қатар ол бұндай ақпараттың шығу себебін былайша түсіндірді:
«Мен бұл мәселеге қатысты соңына дейін пікір білдіргім келген жоқ. Біреулер осы жағдайға байланысты үрейленіп жатса, енді біреулер мұны табалауға себеп қылып отыр. Алайда, Телеграмда блогерлердің аты-жөні жазылған тізім тарай бастады, менің атым да сол тізімде жүр. Достарым оны маған жіберіп, не болып жатқанын сұрай бастады.
Мен көптеген адамдармен жұмыс істеймін, олардың бәрі бірдей мән-жайды түсіне бермейді. Сондықтан бәрін рет-ретімен түсіндіріп өтейін. Әдеттегідей, мұқият назар аударыңыз. Бұл ақпарат тізімде бар және жоқ блогерлерге де қатысты, кез келгені бөлісе алады.
1. Камералдық бақылау деген не?
Блогерлерге жіберілген бұл хабарламалар камералдық бақылау деп аталады. Дамыған елдерде салық органы салық төлеушілердің кіріс-шығыстарын талдап, сәйкессіздіктер анықталса, түсініктеме сұратады.
Ал бізде қалай жүргізіледі? Салық қызметкерлері барлық банк карталарыңыздағы ақша қозғалысын бір жерге жинақтап, оның бәрін сіздің табысыңыз деп есептейді де, түсініктеме талап етеді.
Мысалы: Мен бір банктегі шотыма ақша алдым, кейін оны өзіме қажетті басқа банкке аудардым. Бұл аударым менің табысым емес, бірақ салық органдары бұл соманы екі рет санайды: бірінші банкке кіріс ретінде, екіншісінен шығыс ретінде. Егер мен жұбайыма ақша жіберсем, ол да есепке алынады, өйткені біздегі жеке кәсіпкерлер (ЖК) жұбайларымен бірге декларация тапсырады. Егер мен бір жылы үлкен келісімшарт үшін алдын ала төлем алсам, ал оны келесі жылы жапсам, бұл кіріс те екі рет есептеледі.
Міне, біздің салық органдары осылай жұмыс істейді және бизнесті осылай «қолдайды».
2. Бұл сомалар – салық емес!
Тізімде көрсетілген сандар –салық емес, бұл – болжалды қосымша табыс. Яғни, ол – адамның декларацияда көрсеткен табысынан бөлек, салық органдары өздері есептеген кіріс.
Сондықтан бұл сандардың ешқандай құқықтық негізі жоқ.
3. Мен салықтан жалтармаймын
Мен барлық табысымды ресми түрде көрсетемін әрі оны заңды есепшоттар арқылы жүргіземін. Жеңілдетілген салық режимімен емес, толық 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығын (ЖТС) төлеймін, оған қоса ҚҚС төлеп жатырмын.
Бұл – аз сома емес, мен жыл сайын ондаған миллион теңге салық төлеймін.
Әлеуметтік желілерден алғашқы табысымды алған кезден бастап, бәрін ресми жүргізіп келемін, өйткені тыныш ұйықтағанды қалаймын. Бірақ біздің салық қызметкерлері мұны бағаламайтын сияқты.
4. Бұл жағдайда не істеу керек?
Кез келген кәсіпкер, мейлі ол блогер болсын, басқа болсын, камералдық бақылау туралы хабарлама алғанда жылап-сықтаудың қажеті жоқ. Дүрбелеңге салынудың, әлеуметтік желіде шағымданудың қажеті жоқ. Жақсы салық заңгерін жалдау керек.
Мен бұл хабарламаны алған күннен бастап, екі мықты салық заңгері мен жеке есепшім осы мәселемен айналысып жатыр. Олар 2022-2023 жылдарға қатысты барлық қаржы операциясын қайта есептеп шықты. Нәтиже – нөл айырмашылық.
Демек менің барлық төлемдерім, кірістерім мен салықтарым ресми деректерге толығымен сәйкес келеді.
Менің заңгерім осы мәліметтерді салық органына жіберіп, құжаттарды тіркейді. Менің ойымша, осыдан кейін мәселе жабылады.
5. «53 миллиард теңге заңбұзушылық анықталды» деу – жалған ақпарат тарату
Кейбір қазақстандық журналистер «блогерлер 53 миллиард теңге салық төлеуден жалтарды» деген тақырыппен мақалалар жазып үлгерді.
Бұл – өте қате тұжырым. Қазіргі таңда бұл тек алдын ала есептелген болжамды сома, ал нақты салық бұзушылықтары әлі дәлелденген жоқ.
Бірнеше айдан кейін осы соманың он пайызы ғана қалуы мүмкін.
Журналистер үнемі өздеріне қысым жасалып жатқанын айтып, кәсіби дағдарысқа шағымданады. Бірақ осындай сенсация қуған мақалалардан кейін өздері кінәлі болып шығады.
Журналистерге ескерту: Мен өз репутацияма өте мұқият қараймын. Сондықтан бұл жазбаны іріктеп жариялап, сөздерді контекстен жұлып алмай, толық нұсқасын беруге кеңес беремін. Себебі менде тек салық заңгері ғана емес, басқа да мамандар бар.
6. Бұл шын мәнінде неден туындады?
Мен бастапқыда күмәнданған едім, бірақ осы тізім жарияланған соң, енді 100% сенімдімін:
Бұл жағдай ҚҚС (қосылған құн салығы) пен бөлшек салық мәселесінен халықтың назарын аудару үшін жасалған.
Шын мәнінде, мәселе айтарлықтай маңызды емес, бірақ қоғамда үлкен шу туды. ҚҚС бойынша заңнамаға өзгерістер 20 ақпанда Мәжіліске жіберіледі. Егер олар қабылданса, бұл көптеген кәсіпкерге ауыр тиеді.
Ал біз осы кезде «блогерлердің миллионын» талқылап отырамыз. Мен бұл туралы жазбас едім, бірақ жағдайды дұрыс түсіну маңызды. Формалды мәселе формалды шешімді талап етеді. Ал барлық басқа әңгіме кейінгі айтылар шаруа ғана», – деп жазды ол.
«Ресми құжат емес»
Күні кеше Мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік желілерде тараған блогерлердің салық төлемдері мен табыстары туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл тізім ресми құжат болып саналмайды әрі мемлекеттік кірістер органдары жүргізіп жатқан салық тексерістерімен тікелей байланысты емес.
«Әлеуметтік желілерде тараған тізім мемлекеттік кірістер органының салық бақылауы аясында жасалған ресми акт болып табылмайды», – деп мәлімдеді комитет өкілдері.
Бұған дейін қазақстандық блогерлерге бюджетке 53 миллиард теңге көлемінде салық төлеу үшін бір ай мерзім берілгені хабарланған еді. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, 594 блогер кірісін жалпы сомасы 53,3 миллиард теңгеге төмендеткені анықталған.
Сонымен қатар, 19 ақпанда Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары салық органдары тексерісті аяқтап, залалдың нақты мөлшерін есептегенге дейін ведомство блогерлерге қатысты қылмыстық істі өз бетінше бастай алмайтынын мәлімдеді.