"Қарттар үйі қара шаңырақ па еді?" деп ашынады депутат Таңсәуле Серіков.
Ол депутаттық сауалында қарттар үйіндегі үлкен кісілердің балаларынан алимент өндіріп алуына болатынын жеткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазіргі уақытта қарттар үйінде қазақ ұлтының ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары көбейген. Тіпті, зейнетақы алатын уақытта қарттар үйінің алдында қымбат автокөліктер тұратынын да ашынып айтты.
– Сонау соғыс жылдарында салынбаған жетімдер үйі мен қарттар үйі бүгінгі мына бейбіт заманда бой көтерді. 90-жылдары еліміз тәуелсіздікті жаңа алып, дүкен сөрелері бос болған уақытта да қарттар үйіндегі қаракөз қариялар бірен-сараң ғана болса, бүгінде 90 пайызы – қазақ ұлтынан. «Қарттар үйі қара шаңырақ па еді?» Неге зейнетақы алатын күні қарттар үйінің алдында қымбат автокөліктер пайда болады? Не себепті ата-аналарын қарттар үйіне тапсырады? Әлде ерлі-зайыптылар арасына ата-ана артық болды ма, әлде жасы жеткен мүгедек қарияға қарау қиындық тудырды ма, болмаса жұмысының жүктемесі ауыр болды ма екен? Бірақ, сол ата-анасы кішкентай кезінде қандай қиындық болса да, баласын тастамады ғой, – деп кейіді Таңсәуле Серіков.
Қазақ «Әке шешең жынды болса байлап бақ, бірақ тастама» деген. Қартайып, қызық көрер шағында, қарияларды қаңғытпай, аялау керек. Бұл әр азаматқа қатысты. Депутаттың сөзінше, ата-анасын қадірлемеген адам, өзінің тіліне, ұлтына, еліне, жеріне, мемлекетке жаны ашымайды.
– Қазақстан Республикасының Неке, ерлі-зайыптылық және отбасы туралы кодексінің «Кәмелетке толған балалардың ата-аналарын күтіп-бағу жөніндегі міндеттерінің» 145-бабы 1-бөлімінде «Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті» және « Балаларынан алимент өндіріп алуға құқылы, ол сот тәртібімен алынады» делінген. Иә, жақсы, орынды баптар. Бірақ, бұл бап орындалып жатқан жоқ, себебі еш бір кейуана өз баласына шағым түсірмейді, еш бір ата-ана алимент өндіруге не денсаулығы не намысы жібермейді. Сол себепті бұл бап орындалмайды. Сондықтан біздер, ата-анасын қарттар үйіне тапсырған, қараусыз қалдырған балалар, ата аналарының есепшотына тапқан жалақысының 50 пайызын мөлшерлеп міндеттеуіміз керек. Әрине, бұл қаражат ата-анаға деген құрметке тең келмейді, дегенмен материалдық өтеуі болуы керек. Сонымен қатар, 70 жастан асқан қариялардың атында жылжымайтын мүлкі болса, өл-өлгенше басқа адамның атына рәсімдеуге тыйым салуымыз керек, – деді халық қалаулысы.