27.02.2025, 11:00

Нұрымбет Сақтағанов – өңірдің тыныс-тіршілігін жақсы білетін әкім

gov.kz

Бұған дейін аудан әкімі, қала әкімі болған кезде де халықпен тығыз байланыс орнатып, қажет кезде тұрғындардың жанынан табыла білді.

Жақында ғана Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов – өз саласының білгірі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан тәжірибелі басшы. Мемлекеттік қызметтегі көпжылдық тәжірибесі, әр саланың жай-жапсарын білетін қырағылығы, стратегиялық ойлау қабілеті оның мемлекеттік басқару ісіндегі мықты маман екенін дәлелдей түседі, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол ШҚО әкімі лауазымына төбеден түсе салып келген жоқ. Алдымен еңбек жолында бірнеше жауапты лауазымды атқарып, әрдайым ұқыпты басқарушы ретінде көзге түсті. Әсіресе қала,аудандарды басқарған кезеңде инфрақұрылымды жаңғырту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары ретінде өңірдің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және әлеуметтік салаларын дамытуға біраз ықпал етті.

Жұмыс істеу тәсілі

Нұрымбет Аманұлы – халықпен тікелей байланыс орнатып, нақты мәселелерді шеше алатын басшы. Бұған дейін аудан әкімі, қала әкімі болған кезде де халықпен тығыз байланыс орнатып, қажет кезде тұрғындардың жанынан табыла білді. Оның басты ұстанымдарының бірі – ашықтық пен қолжетімділік. Аймақта ұстамды мінезімен көпке танылған тұлға халықпен тұрақты кездесулер өткізіп, әрбір тұрғынның мәселесін назарда ұстап келеді. Мәселен, ШҚО-дағы Ұлан ауданының әкімі, Жарма ауданының әкімі болған уақытта да даулы мәселелердің басы-қасында жүрді. Ел аузында «халық қаласа, хан түйесін сояды» деген мәтел бар. Бұны өңір басшысы да жақсы біледі. Сондықтан аталған даулы мәселелер туындай қалса, елдің көкейіндегісін айтып, шешім шығарар сәтте халықтың айтқанына құлақ асып келеді. Ал ШҚО әкімінің бірінші орынбасары кезінде талай жыл елді сарсаңға салған Бұқтырма көпірінің ашылатынын қуана хабарлаған да Нұрымбет Аманұлы еді. Көпірдің стратегиялық маңызы зор жоба екенін ұғынған ол қызметіне келе сала, осы іспен айналысты. Шығыс халқы қарсы болған жобаларды тоқтатты. Елді дүрліктірген ковид кеселі бәсеңдеп келе жатқан тұста кесіпкерлердің басын қосып, оларды барынша қолдауға тырысты. Әрине, қатаң шараларды ұстана отырып, орта және шағын бизнесті жүргізіп жатқан кәсіпкерлерге жұмыс істеуге мүмкіндік берді. «Мүмкіндік берді» деп ерекшелеп айтатынымыз сол, мысалы, дәл сол уақытта кәсіпкерлерді тырп еткізбей ұстап отырған аймақ басшылары да болды. Бәрінен бұрын кәсіпкерлермен өткен жиында алатын жалақысы мен төлейтін несиесіне дейін жасырмаған басшы жұмыста ашықтық принципін ұстанады. Оның облыс пен қалада істеген жұмысынан бөлек, ауылдық жерлерде де атқарған ісі телегей теңізге татиды. Әсіресе қазірдің өзінде ол ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп, шалғай елді мекендердің жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Ақпарат көздеріндегі алып-қашпа әңгіме

Қазір ақпараттық заманда қауесеттің қаптап, елге шындықтан бұрын ерте жетіп алатын уақыты. Сол себепті кез келген мемлекет қайраткері, мемлекеттік қызметтегі тұлға туралы түрлі пікір, жағымсыз әңгіме айтылатыны белгілі. Кейбір ақпарат көзінде Нұрымбет Сақтағановты бұрынғы әкім Даниал Ахметовпен «ым-жымы бір» дегендей өсек-аяң тарап, қызметін экс-әкіммен байланыстырып, оның «адамы» деген алып-қашпа әңгімелер таратып жатқан топтар бар. Алайда бұл пікірлердің еш негізі жоқ. Оны білу үшін жай ғана ғаламтор бетіне қос әкімнің еңбек еткен жылдарын қараудың өзі жеткілікті. Себебі Нұрымбет Сақтағанов  2012-2015 жылдары ШҚО әкімінің орынбасары болса, 2014 жылы Даниал Ахметов өңірге басшы болып тағайындалды. Бұдан бөлек Даниал Кенжетайұлы облыс әкімі лауазымынан Президенттің тікелей тапсырмасын босағаннан кейін барып, Нұрымбет Аманұлы 2023 жылы қайтадан ШҚО әкімінің орынбасары болған. Әрине, екеуінің де туып-өскен, өнген жері басқа. Сол себепті бұл ақпараттың жалған екенін көзі қарақты, ақиқатты сараптай алатын әрбір жан түсінетіні анық. Ал Даниал Ахметовпен баяғыда аз ғана уақыт, тіпті болар-болмас ай қызметтес болғаны елді дүрбелеңге салатындай жайт емес. Рас, Нұрымбат Сақтағанов – өз еңбегімен және басқарушылық қабілетімен жоғары лауазымдарға жеткен білікті маман. Оның мемлекеттік қызметтегі жолы – адал еңбектің, тиімді басқарудың және халық мүддесі үшін қызмет етудің айқын көрінісі.

Өңірдің жағдайын жақсы білетін әкім

Бүгінде оның жетекшілігімен Шығыс Қазақстан облысында тың жобалар жүзеге асырылып, өңірдің дамуына жаңа серпін қосылатынынан бәрі де іштей үміттеніп отыр. Ол өз қызметінде жүйелі жұмысты басты орынға қояды деген сенім мол. Өйткені өңірдің жағдайын, бұған дейінгі қордаланған мәселесін ол бүге-шігесіне дейін жақсы біледі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Нұрымбет Сақтағанов – Шығыс Қазақстан облысын дамытуға бар күшін салып жүрген білікті әкім. Аймаққа инвестиция тарту, бюджеттік жоспарлау бағытында үлкен мектептен өткен ескерсек, оның тәжірибесі мен еңбекқорлығы аймақтың өркендеуіне жаңа леп алып келмек. Себебі осыған дейін елдің игілігі үшін атқарған жұмысы оның кәсібилігі мен жауапкершілігін айқындап отыр. Сондықтан мемлекеттік қызметтегі тұлға жайлы сөз қылар кезде алып-қашпа әңгімелерге емес, нақты ісіне назар аударған жөн. Иә, «арық айтып семіз шық» дейді қазақта. Өйткені басшының өңірге алдағы уақытта істейтін жұмыстарына әуелі уақыт, содан соң қарапайым халық төреші болар.