Бірыңғай әдістемелік база жоқ, заманауи оқулықтар жетіспейді.
Сенатор Дархан Қыдырәлі еліміздегі әскери білім беру жүйесіне ауқымды реформалар қажет екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның пайымдауынша, Қазақстанда оқу орындарын әлемдік стандарттарға сәйкестендіру туралы Президенттің тапсырмасына қарамастан, материалдық-техникалық база әлі де ескірген қалпында қалып отыр, ал практикалық дайындық деңгейі төмен.
«Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жоғары оқу орындарында 41 әскери кафедра жұмыс істейді. Осы кафедраларды қазірге дейін 120 мың түлек бітіріп шыққан. Жыл сайын 7 мың түлек тәмамдайтынын ескерсек, алдағы 10 жылда олардың саны тағы 70 мыңға артады. Әскерге адам жетіспейді дейміз. Сонда, запастағы офицерлер мен сержанттардың саны қатардағы сарбаздан да көп болып кетпей ме?! Кафедра меңгерушілерін Қорғаныс министрлігімен келіседі, бірақ, әдістемелік нұсқаулықтар мен оқулықтарда бірізділік жоқ. Практикамен ұштастыру жағы да кемшін. Оқитын студенттердің жартысына жуығы ақылы негізде білім алатын ескерсек, жекеменшік университеттер үшін кафедралар талапкер тартудың көзіне айналып кеткен жоқ па?», - деді Дархан Қыдырәлі.
Сенатор тіптіп, елімізде «бірыңғай әдістемелік база жоқ, заманауи оқулықтар жетіспейді, ал оқу бағдарламаларында әлі күнге дейін көнерген кезеңдегі тактика пайдаланылады» деп әскери оқу орындарындағы кемшіліктерді бүкпесіз айтты.