Салық кодексі аясында мәжілістің қарауына алдымен жалақыға үдемелі салық мөлшерлемесін салу ұсыныстары енгізіледі.
Мәжіліс депутаты Марат Башимов бай-манаптарға салынатын салық туралы пікір айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Неге біз заңға супер бай адамдардың табыс салығына қатысты норманы енгізбейміз? Мысалы, табысына 50 процент салайық. Жарайды, келіспесе, 35-40 процентке келісейік. Осыны істей аламыз ба? Әлде қорқамыз ба?», — деді Башимов.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, Салық кодексі аясында мәжілістің қарауына алдымен жалақыға үдемелі салық мөлшерлемесін салу ұсыныстары енгізіледі.
«Бұл – бір. Сосын жақында ғана жұмыс тобында дивидендтерге де үдемелі салық мөлшерлемесін салу жүйесін енгізу ұсынылды. Бұның барлығы – компаниялардың дивиденттерінен түсетін табыс. Бүгінде 100 млн теңгеге дейін бәрі босатылады, ал одан асып кетсе, 10 процент төлеу керек. Қазіргі ұсыныстар әділ деп ойлаймын. Оған сәйкес, табысқа салынатын салықтың мөлшерлемесін 30-50 процентке дейін жеткізу керек», — деп атап өтті Әмрин. Оның сөзіне қарағанда, барлық ұсыныс үкіметтің қорытынды құжатына енгізіледі. Сосын талқылауға шығарылады.