03.03.2025, 13:40

«95 млн теңге қарызы болған»: Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне қатысты тың дерек шықты

Фото: instagram.com

Қарызды төлеуге 5 күн уақыт берген. 

Марқұм Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне қатысты тың ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Orda.kz сайты Арман Дүйсеновтің ұлы Абылай Арманұлы өлімі жайлы жазды.

2024 жылдың 7 қазан күні кешке жас жігіттің денесі өз пәтерінде асылып тұрған күйінде табылған еді. Марқұмның қолдары байланған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өлімнің себебі – механикалық асфиксия.

Жас жігіт қазасынан бір күн бұрын анасының қоңырауларына жауап бермеген.

"Қайғылы оқиғадан бұрын оның анасына ұлының досы хабарласып, 95 млн теңге қарызы бар екенін айтқан. Одан кейін қарызды төлеуге 5 күн уақыт берген. Қатты алаңдаған анасы ұлының пәтеріне барып, оны қолдары байлаулы, асылып тұрған күйінде тапқан. Іс бойынша үш сараптама жүргізілген. Олардың барлығы жас жігіттің өз-өзіне қол жұмсағанын растаған”, – деп жазды аталған басылым.