$ 496.71  531.33  5.55

Талдықорғанда гараждағы көлік жарылып, үй қирап қалды (ВИДЕО)

12 жастағы қыз бала үйінді астында қалған.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Талдықорғанда газ қондырғысы орнатылған көлік жарылып, салдарынан үй қирап, бір адам зардап шекті. Бұл туралы Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Оқиға орнынан видео әлеуметтік желілерде тарады.

"Отбасымызда келеңсіз жайт болды. Туысымыздың көлігі жарылып, олар үйсіз қалды. Енді оларға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, үйді қалпына келтіруі керек", - дейді зардап шеккендердің туысы қираған үйді көрсетіп.

Жетісу облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс жағдай 4 наурызда Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында болған. Гаражда тұрған газ қондырғысы орнатылған көлік жарылған.

Бұл жайт туралы хабарлама ТЖД-ға 7:06-да келіп түскен. Оқиға орнына дереу ТЖД күштерінен 20 адам мен 6 техника жіберілген.

Жарылыс салдарынан 50 шаршы метр аумақтағы шаруашылық қора-жайлар жартылай қирап қалған. Өрт болмаған.

"Бір адам зардап шегіп, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді", - делінген хабарламада.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары